Батыс Қазақстан облысының тұрғыны демалыс базасына барған сапары сәтсіз аяқталған соң әділдікке қол жеткізді: отбасы онда небәрі 10 минут болды, алайда кіру ақысын қайтарудан бас тартылды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Батыс Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне әйел адам демалыс базаларының бірінің басшылығына қатысты арызбен жүгінген. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 12 шілдесінде ол отбасымен жағажайда демалуды жөн көрген. Кіру үшін 7000 теңге төлеп, аумаққа кірген келушілер көңілі қалған: дәретханалардың санитарлық жағдайы күткенді қанағаттандырмады, киім ауыстыратын орындар болмады.
Осыған байланысты арыз беруші жағажайдан кетуді шешіп, қызметкерлерден ақшаны қайтаруды сұраған, алайда бас тартуға тап болған. Сонда тұтынушы база иесіне WhatsApp арқылы жазып: «Біз отбасымызбен 10 минут болдық. Киім ауыстыратын жағдай жоқ. Дәретхана өте нашар. Жағажай да көңілден шықпайды. 2 ересек және 2 бала үшін кіру ақысы ретінде 7000 теңгені қайтаруыңызды сұраймын», – деген. Жауап ретінде: «Кешіріңіз, қайтару жоқ», – делінген. «Енді біз сіздің демалыс базаңызда 10 минут болғанымыз үшін 7000 теңге төлеуіміз керек пе?» деген нақтылау сұрағына: «Иә, әрине. Тіпті бір минут болса да», – деп жауап берілген.
Сол күні тұтынушы кәсіпкерлік субъектісінің Instagram парақшасында көрсетілген электрондық поштасына шағым жолдаған. Екі күннен кейін еске салғыш жіберілген, алайда қызмет көрсетушіден шағымға жауап келмеген.
Өтінішті қарау қорытындысы бойынша департамент әкімшілік іс қозғап, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 190-бабы бойынша хаттама жасады – тұтынушының шағымына жазбаша жауап беру міндеттерін орындамау фактісі бойынша. Кәсіпкерлік субъектісі мемлекеттік органның шешімімен келіспей, хаттама жасалған орыннан кетіп, әкімшілік істі сотқа жіберу туралы өтініш қалдырды. Нәтижесінде хаттама база иесінің қатысуынсыз ресімделіп, соттың қарауына жіберілді.
Сот талқылауы барысында кәсіпкер шағымға жауаптың болмауын электрондық пошта мекенжайын парақшаны әзірлеуші көрсеткендігімен, ал шағым жіберілген кезде пошта жұмыс істемейтіндігімен – электрондық жәшікке қолжетімділік болмағандығымен түсіндірді.
Әкімшілік істі қарау қорытындысы бойынша бірінші сатыдағы сот кәсіпкерлік субъектісіне 43 250 теңге мөлшерінде айыппұл салды, ол әлі де шағымдануы мүмкін. Сонымен қатар департамент арыз берушіге 7000 теңгені қайтаруға көмек көрсетеді.


