Испанияның солтүстігіндегі Овьедо қаласында қолдан жасалған құрылғы жарылып, Ұлттық полиция қызметкері қаза тапты, тағы бір құқық қорғаушы ауыр жарақат алып, аяғынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Europa Press агенттігінің мәліметінше, оқиға тәртіп сақшылары Вильяфрия ауданындағы атыс туралы шақыртуға келгеннен кейін болған. 20minutos басылымының хабарлауынша, алдын ала деректер бойынша, таңертең ер адам 17 жастағы қызды атып кеткен — болжам бойынша, отбасылық жанжал себебінен. Зардап шеккен қыздың әкесі оны өз бетінше ауруханаға апармақ болған, ал куәгерлер полиция шақырған.

Jupol кәсіподағының мәлімдеуінше, келген полицейлер ғимарат кіреберісінде ішінде «жыпылықтайтын шам» бар күдікті рюкзак тапқан. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ол затты көшеге шығарған. Оны TEDAX жасағының саперлері мен кинологтар тексеріп жатқанда құрылғы жарылған. Салдарынан кинология қызметінің 60 жастағы кіші инспекторы қаза тапты, ал 53 жастағы қызметкер аяғынан айырылды.

El Periódico басылымының дерегінше, зардап шеккен қыздың өзі Астурия орталық ауруханасында жатыр, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Атыс жасаған және жарылғыш құрылғыны қойған күдікті ізін суытқан, оны іздеу жалғасуда. Бомбаны іске қосудың нақты тәсілі әзірге анықталған жоқ.