Өзбекстанда жөтелге қарсы препараттан қаза тапқан және зардап шеккен балалардың отбасыларымен толық есеп айырысылды: дәріден қаза тапқандар туралы алғашқы мәлімет 2022 жылдың соңында пайда болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Басылымның жазуынша, үш жыл ішінде сотталғандардан үкіммен тағайындалған соманың тек 20 пайызы ғана өндіріліп алынды. Қалған 80 пайызын мемлекет өз мойнына алды.
Қаза тапқан балалардың ата-аналарының айтуынша, төлемдер осы жылдың 20-24 қазанында түскен. Бұл ақпаратты Бас прокуратура жанындағы Мәжбүрлеп орындату бюросының баспасөз қызметі растады.
Сот үкімдеріне сәйкес, қаражат қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылған адамдардан өндірілуге тиіс еді. Олардың қатарында Фармацевтика саласын дамыту агенттігінің бұрынғы басшылары мен басшы орынбасарлары, сондай-ақ Quramax компаниясының өкілдері бар.
Ақша қанша отбасыға аударылғаны және мемлекеттік бюджеттен төленген төлемдердің жалпы сомасы қанша екені әзірге белгісіз.
Еске салайық, 2022 жылдың желтоқсанында БАҚ-та Өзбекстанның Самарқанд облысында «Док-1 Макс» сиропын қабылдағаннан кейін екі ай ішінде 15 бала қаза тапқаны туралы ақпарат пайда болған. Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі бұл препарат біздің елде сатылмайтынын атап өткен.
Кейін қаза тапқан балалардың саны өсті: үкім шығарылған кезде 68 бала қаза тауып, 16 бала зардап шеккен.
Балалардың қаза болуы фактісі бойынша Өзбекстанда және препарат өндірілген Үндістанда қылмыстық істер қозғалды.
Барлығы сот алдында 23 адам жауап берді — 2024 жылдың ақпанында сот іске қатысушыларға үкім шығарды.


