Павлодарда террористік акт жасалады деп көрінеу жалған хабарлама таратқан кәмелетке толмаған адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ-тің Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, жасөспірім сабаққа кешігіп, спорт залында сыныптасының қараусыз қалдырған ұялы телефонын байқаған. Бөтен құрылғыны пайдаланып, ол жедел қызметтің нөміріне қоңырау шалып, террористік акт жоспарланып отырғанын айтқан.
Полиция қызметкерлері қоңыраудың қай нөмірден түскенін жедел анықтап, кейін болған жайдың барлық мән-жайын анықтады.
«Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жасалған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған адам заңды өкілдерінің кепілдігіне берілді», — деді Павлодар қаласы полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Полицияда атап өткендей, мұндай «әзілдер» салдарсыз қалмайды. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама — бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылық.
«Жалған хабарламаға ден қоюға байланысты жедел қызметтер көтерген шығындар өтелуге жатады. Бұл жағдайда келтірілген шығынды өндіру мәселесі кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдеріне қатысты шешіледі», — деп қосты ведомствода.


