АҚШ, Қытай және Ресей көшбасшыларының үшжақты кездесуіне дайындық жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді. Ол бұл жайында РБК-нің Financial Times-ке сілтеме жасап жариялаған түсініктемесінде айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Басылым дерегінше, Ресей президенті Владимир Путин, АҚШ президенті Дональд Трамп және ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі 18–19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін АТЭС саммитінде болуы тиіс.
«Мұндай кездесуді ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді Песков.
Сонымен қатар Қытай Сыртқы істер министрлігі Financial Times-ке Қытай мен Ресей мемлекеттері басшыларының кездесуіне қатысты тиісті тараптармен байланыста екенін мәлімдеді. Қытай тарапы Трамптың қатысуымен өтетін үшжақты кездесу туралы айтқан жоқ.
Бұған дейін Ресей, АҚШ және Қытай үшжақты кездесу өткізу мүмкіндігіне жол бергені, онда Украинадағы жағдай талқыланады деп болжанғаны хабарланған болатын.
Украина Сыртқы істер министрлігінің басшысы Андрей Сибига Дональд Трамп, Владимир Путин және Си Цзиньпиннің ықтимал кездесуі соғысты аяқтауға көмектеспейді деп есептейді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Путин мен Си Цзиньпинмен үшжақты кездесуге дайын екенін айтып, оның Қытайда өтуі мүмкін екенін қосты.
Кейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков АҚШ, Ресей және Қытай көшбасшыларының үшжақты кездесуі қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар БҰҰ Ресей, Қытай және АҚШ көшбасшыларының ықтимал кездесуін қолдады.


