Қарағандыда 461 адамды алдаған алаяқтық ісі бойынша үкім шықты. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 700 млн теңгеден асты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қарағанды облысы соттарының ресми Telegram-арнасының мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу органдары екі әйелді ақпараттық жүйе пайдаланушысын алдау жолымен бөтен мүлікті иемдену — екі және одан да көп адамға қатысты бірнеше рет, ірі және аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық деп айыптаған (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы).
Сот анықтағандай, сотталушы WhatsApp желісінде Қытай мен Түркиядан әкелінетін тауарларды арзан бағамен сатуға арналған топтар ашып, онда ыдыс-аяқ пен түрлі тұрмыстық заттарды ұсынған. Сатып алушыларды тарту үшін тауарды алып алғаны туралы пікірлер жарияланған.
Кейін сотталушылар бөгде адамдардың пікірлері жазылған бейнероликтерді пайдаланып, жиһаз, тұрмыстық техника мен көліктерді нарық бағасынан әлдеқайда төмен бағамен жарнамалаған.
Тапсырыстар мен ақшаны қабылдай отырып, олар тауарды жеткізуге уәде берген. Алайда алған міндеттемелерін орындауға ниеттері болмаған.
Салдарынан сотталушылардың әрекетінен 461 адам зардап шегіп, келтірілген шығынның жалпы сомасы 700 млн теңгеден асты.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптарымен, хат алмасу материалдарымен және WhatsApp топтарындағы жарияланымдармен, банк шоттарындағы ақша қозғалысы туралы мәліметтермен және өзге де зерттелген дәлелдемелермен расталды.
Прокурор сотталушыларға 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, оның ішінде бір әйелдің жеті баласы, екіншісінің кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдыруды сұраған.
Жәбірленушілер қатаң жаза тағайындауды және қылмыспен келтірілген шығынды өндіруді сұраған.
Сотталушылар кінәсін мойындамады, қорғау тарапы оларды ақтауды сұрады.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуын, сондай-ақ қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
Сот әр әйелге 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдырды.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылып, кінәлілерден 700 млн теңгеден астам сома өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда алаяқтық ісі бойынша кәсіпкер әйелдің сотталып жатқаны белгілі болған. Қытайдан тиімді бағамен тауар әкелуге уәде берген Ақмола облысының тұрғынына жүздеген адам сенім артқан. Олар киім, тұрмыстық заттар мен көліктерге тапсырыс берген, алайда көпшілігі сатып алған заттарын күтіп ала алмаған.


