2026 жылы Қазақстан өңірлерінде жастарға кері әсер еткен 40-тан астам топ анықталып, түрлі қылмыс пен құқық бұзушылық үшін 100-ден астам адам ұсталды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елде оқушылар мен студенттерді бопсалаудан қорғау бойынша жеке жұмыс жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандарға қатысты осындай қылмыс жасаған төрт топтың қызметін тоқтатты.

«Сонымен қатар полиция ұйымдасқан қылмыстық топтарға, оның ішінде жастарды құқыққа қарсы әрекетке тартуға ұмтылған топтарға қарсы тұруда. Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 47 қылмыстық іс қозғалды. 240-тан астам қылмыстық топ жетекшісі мен мүшесі қылмыстық жауапкершілікке тартылуда», — деді ІІМ ұйымдасқан қылмыспен күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері полицейлер мектептерде, колледждерде және өзге де білім беру ұйымдарында екі мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізді. Бопсалаудың алдын алуға, қылмыстық идеологияның таралуына және қылмыстық өмір салтын романтизациялауға ерекше көңіл бөлінуде.