Қазақстанда 25 қарашадан бастап жануарларын тіркегісі келетін азаматтар үшін жаңа мүмкіндік іске қосылды — енді тіркеу кезінде SMS күтудің қажеті жоқ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Telegram-арнасында айтылғандай, енді иесінің деректерін eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы растауға болады. Осылайша қазақстандықтарға деректерді растаудың екі тәсілі қолжетімді болды.
Біріншісі — eGov Mobile арқылы: жануар иесіне смартфондағы қосымшаны ашып, QR-кодты сканерлеу жеткілікті. Содан кейін оның ЖСН мен аты-жөні SMS жіберілмей-ақ жүйеде көрсетіледі.
Екіншісі — 1414 нөмірінен келетін SMS арқылы: бұрынғы тәсіл де қолжетімді күйінде қалды. Ол смартфоны жоқ азаматтарға ыңғайлы.
Жаңалық жануарларды тіркеу рәсімін жеңілдетуге және азаматтардың уақытын үнемдеуге бағытталғаны атап өтілді.
Бұған дейін Экология министрлігінің бұйрығымен Қазақстанда азаматтарға иттері мен мысықтарын міндетті түрде чиптеу талабы қойылғаны хабарланған. Үй жануарларын есепке алу ережелерін бұзғаны үшін 86 500 теңгеден басталатын айыппұл қарастырылған.
Сондай-ақ Қазақстандағы үй жануарларының иелері eGov Mobile арқылы өз питомцының цифрлық паспортын аша алатынын жазғанбыз. Құжат жануар TABAN базасында тіркелгеннен кейін қолжетімді болады.


