Қостанай облысында балалар алаңында балаға шабуыл жасаған ер адам сот алдында жауап берді — оған 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Ұзынкөл аудандық соты кәмелетке толмаған адамға қасақана дене жарақатын салу, яғни жеңіл дәрежедегі денсаулыққа зиян келтірмейтін ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы, 2-бөлігі, 8-тармағы).

Сот анықтағандай, сотталушы 2026 жылдың қыркүйегінде Сатай ауылында балалар алаңында болып, жеке басқа қатысты жеккөрушілік негізінде туындаған жанжал барысында кәмелетке толмаған балаға кеудесінің сол жағынан соғып, дене жарақатын салған, осылайша оған дене күйзелісін келтірген.

Сот талқылауы барысында прокурор сотталушыға қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушы кінәсін толық мойындады.

Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын жүректен өкінуін, қылмыстық теріс қылықты алғаш рет жасағанын, сондай-ақ кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерді. Іс бойынша ауырлататын мән-жайларды сот анықтаған жоқ.

Сотталушының жеке басын, жасалған әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып, сот ер адамға 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындады.

Сонымен қатар сот сотталған адамның мінез-құлқына 6 айға ерекше талаптар белгіледі: жәбірленушінің еркіне қарсы оны іздеуге, қудалауға, оған баруға, ауызша және телефон арқылы сөйлесуге, сондай-ақ өзге де тәсілдермен онымен байланысқа түсуге тыйым салынады.

Сотталушыдан жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық зиян мен материалдық шығынның өтемақысы өндірілді.

Үкім заңды күшіне енді.