Қостанай облысының тұрғыны Instagram-да бас жүлдесі пәтер болған конкурста жеңімпаз деп жарияланғанымен, ол пәтерді ала алмаған. Алайда ол сот арқылы ақшалай өтемақыны өндіріп алды. Мендіқара аудандық соты оның талап-арызын қанағаттандырып, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен 7,6 миллион теңгеден астам қаражат өндіруге шешім шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Мендіқара аудандық соты азаматшаның ЖШС-ге конкурстың бас жүлдесін беруге мәжбүрлеу не оның ақшалай құнын өндіру туралы талап-арызы бойынша азаматтық істі қарады.

Сот отырысында 2025 жылдың шілдесінде ЖШС Instagram-да конкурс жариялағаны, оның бас жүлдесі пәтер болғаны анықталды. 2025 жылдың қазанында талап қоюшы әйел конкурс жеңімпазы деп жарияланды. Оның жеңімпаз деп жарияланғаны Instagram-дағы жарияланымдардың скриншоттарымен расталып, жауапкер тарапынан дауланбады.

ЖШС өкілдері талап-арызды қанағаттандыруға қарсылық білдіріп, талап қоюшының аккаунты жалған болғандықтан, конкурс нәтижелері жойылып, қайта ойын өткізілгенін, оның қорытындысы бойынша жүлде басқа қатысушыға берілгенін алға тартты.

Талап қоюшы және оның өкілі жауапкердің дәлелдерімен келіспей, аккаунт жеке меншіктегі және конкурс өткізілгенге дейін көп уақыт бұрын құрылғанын көрсетті. Сонымен қатар аккаунттың жалған екенін нақты растайтын дәлелдерді жауапкер ұсынбады.

Азаматтық кодекстің 911-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жұмысты үздік орындағаны үшін немесе өзге де нәтижелерге қол жеткізгені үшін ақшалай немесе өзге де нысанда сыйақы төлеу туралы көпшілікке жариялаған кез келген адам конкурс шарттарына сәйкес жеңімпаз деп танылған адамға алдындағы міндеттемесін орындауға тиіс.

Істі қарау барысында IP-мекенжайлар тексерілмегені, аккаунттардың бір адамға тиесілі екені анықталмағаны, әлеуметтік желідегі парақшаны тексерудің техникалық құралдары қолданылмағаны белгілі болды. Осылайша, жауапкердің талап қоюшының аккаунты жалған деген дәлелдері сотқа ұсынылған дәлелдермен жеткілікті расталмады.

Істің анықталған мән-жайларын, ұсынылған дәлелдерді бағалауды, сондай-ақ әділдік пен парасаттылық қағидаттарын ескере отырып, сот талап-арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.

Сот шешімімен ЖШС-тен әйелдің пайдасына 7 682 000 теңге өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.