Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бұрынғы әскери қызметшінің талап арызын қанағаттандырды. Сот біржолғы тұрғын үй төлемін тағайындаудан бас тартуды заңсыз деп таныды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, сот біржолғы тұрғын үй төлемін тағайындаудан бас тартуды заңсыз деп тану туралы талап арызы бойынша әкімшілік істі қарады. Талапкер әскери қызметте болып, 2013 жылдан бастап тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған.
Кейіннен қайта ұйымдастыруға байланысты ол қызметін жалғастыру үшін арнайы мемлекеттік органға ауыстырылды, ал 2022 жылы қызметте болудың шекті жасына толуына байланысты қызметтен босатылды.
Талапкер тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған кезеңі үшін біржолғы тұрғын үй төлемін тағайындауды сұрап жүгінген, бірақ бас тарту алған. Оған оның арнайы мемлекеттік органға ауыстырылуы негіз болды. Қабылданған шешіммен келіспеген талапкер сотқа жүгінді.
Іс материалдарын зерттей келе, сот қайта ұйымдастыруға байланысты ауыстырылу мен кейіннен әскери қызметші мәртебесінен айырылудың өзі әскери қызмет кезеңінде туындаған тұрғын үй құқықтарын іске асырудан бас тартуға сөзсіз негіз бола алмайды деген қорытындыға келді.
Сот тұрғын үй төлемін тағайындау мәселесін шешу кезінде тиісті құқықтың туындау мән-жайларын, тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған кезеңді, сондай-ақ заңда белгіленген күнге дейін тұрғын үймен қамтамасыз етілмегенін ескеру қажет екенін атап өтті.
Тек арнайы мемлекеттік органға ауыстырылу фактісіне негізделген бас тарту жеткілікті дәлелденбеген және талапкердің тұрғын үймен қамтамасыз етілу құқығын бұзатын деп танылды.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот әкімшілік талап арызды толық көлемде қанағаттандырды. Біржолғы тұрғын үй төлемін тағайындаудан бас тарту заңсыз деп танылып, күші жойылды. Жауапкерге бұрын жүргізілген төлемдер мен заңнама талаптарын ескере отырып, тиісті кезең үшін біржолғы тұрғын үй төлемін тағайындау және төлеу туралы қолайлы әкімшілік акт қабылдау міндеті жүктелді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.


