Қызылорда облысында заңсыз криптоайырбастаумен айналысқан, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастырған ұйымдастырушыларға үкім шығарылды. Бұл туралы infohub.kz сайты Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми Telegram-арнасында жазылғандай, тергеу барысында сотталғандар «Астана» халықаралық қаржы орталығының сауда алаңдарынан тыс жерде Binance платформасының P2P-сервисі арқылы тиісті рұқсатсыз криптовалюта саудасын жүргізгені анықталды.

Нәтижесінде 1 млрд теңгеден астам сомаға цифрлық активтер сатылды, ал заңсыз криптоайырбастан түскен кіріс 178 млн теңгені құрады.

Сонымен қатар сотталғандардың бірі есірткі сатудан түскен ақшаны заңдастырумен айналысқан. Ақша қабылдау және аудару үшін өз банк шоттарын ұсынған дропперлер тартылды. Мұндай аударымдардың жалпы сомасы 600 млн теңгеден асқан.

Түскен қаражат криптовалютаға айырбасталып, есірткі сатушылардың әмияндарына жіберіліп отырған. Анықталған аударымдардың жалпы көлемі 277 мың USDT болды.

Сотталғандар қылмыстық кіріске жүк көліктері мен тіркемелер сатып алып, оларды жақын туыстарының атына тіркеген. Кейіннен көліктер коммерциялық қызметте пайдаланылып, заңды тұлғаларға жалға берілген.

Сот үкімімен оларға 3 және 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Мемлекет пайдасына 4 бірлік арнайы техника, сондай-ақ 1 млрд теңгеден астам сомадағы қылмыстық кіріс тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.