Хеллбой рөлімен танымал актер Рон Перлман Эрнест Хемингуэйдің өмірінің соңғы жылдары туралы биографиялық фильмде жазушының рөлін сомдайды. Ол сондай-ақ жобаның қос режиссері болады. Фильмде Хемингуэймен байланысты әйгілі орындар ғана емес, қадағалау, паранойя және саяси астары бар оқиғалар да көрсетіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Байопик Хемингуэйдің Кубада өткізген соңғы екі жылына арналады. Сюжеттің негізіне жазушы Энрике Сирулестің (ол он шақты жыл бұрын қайтыс болған) бірде актерге айтып берген оқиғасы алынады.
«Энрике маған Хемингуэйдің оқиғалардың құрсауына қалай түскенін айтып берді, содан кейін оған саяси және психологиялық факторларды, ФБР басшысы Дж. Эдгар Гувердің өзін қадағалап жүргеніне сендірген паранойяны қосты. Ол кезде бұны ессіздік деп ойлады, бірақ кейін шындық екені белгілі болды», — деді Рон.
Перлман тек басты рөлмен шектелмейді. Ол мексикалық оператор Габриэль Беристайнмен бірге фильмнің қос режиссері болады. Өндіріспен актердің өзі тең құрылтайшыларының бірі болып табылатын Asylm компаниясы айналысады. Оның айтуынша, команда түсірілімге он шақты жыл дайындалған және жақын арада жұмысқа кіріспек.
Перлманның сөзінше, Хемингуэйдің мұрагерлері жобаны қолдап, жазушының бұрынғы үйі «Финка-Вихияда» түсіруге ұсыныс жасаған. Бүгінде ол мұражай ретінде жұмыс істейді. Сондай-ақ команда жазушының сүйікті орындары — La Bodeguita del Medio және El Floridita (Куба) барларында, сондай-ақ оның әйгілі «Пилар» қайығында түсіруге үміттенеді.
Эрнест Хемингуэй — XX ғасырдың ең танымал американ жазушыларының бірі, «Колокол кімге соғылады» және «Қош бол, қару!» романдарының авторы. Ол байопикке лайықты, өте жарқын әрі мазмұнды өмір сүрді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Италияда санитарлық көліктің жүргізушісі болып қызмет етті, ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери тілші болды. Өмірінің көп бөлігін Кубада өткізген жазушы соңғы жылдары ФБР оны қадағалап жүр деп күдіктенді. Кейін оның бюрода шынымен де ісі болғаны анықталды. 1954 жылы ол әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алды, ал 1961 жылы 61 жасында өз-өзіне қол жұмсады.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle Пол Маккартнидің The Beatles туралы байопикте оны қайтадан Джон Ленноннан төмен қойғанына наразы болғанын жазған еді.


