АҚШ-та Empire State Building зәулім ғимаратына өрмелеп шыққан ресейлік руферлер Иван Биркус пен Ангелина Николауға қайтадан Ресейге депортациялану қаупі төніп тұр: тергеумен мәміле жасасу ісі бұзылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ агенттігі РБК-ге сілтеме жасап жазғандай, басылым Fox News телеарнасының сюжетін аударып жариялады. Онда америкалық прокуратура жұппен келісім жасасудан соңғы сәтте бас тартқаны айтылады. Бұл туралы журналистерге руферлердің адвокаты Ноэм Биэл мәлімдеді. Оның айтуынша, Иван Биркус пен Ангелина Николауға зәулім ғимаратқа өрмелегені үшін ауырлығы аз құқықбұзушылықты мойындау ұсынылған. Алайда Манхэттен прокуратурасы бұл тұжырыммен келіспей, мәміле жасасу туралы ресми ұсыныс түспегенін мәлімдеді.
Қазіргі жағдайда руферлерге ауыр қылмыс жасады деген айып тағылып, түрме жазасы мен одан кейін Ресейге депортациялану қаупі төніп отыр. Істі қарау 2027 жылғы 28 қаңтарға шегерілді. Оған дейін айып тағу мәселесі үлкен алқабилер сотының қарауына берілуі мүмкін.
Бұған дейін Манхэттен прокуратурасы ресейлік руферлерге 20 жылға дейін түрме жазасы төнуі мүмкін екенін хабарлаған. Онда жұптың бөтен мүлікке 1,5 мың доллардан астам шығын келтіргені нақтыланған.
Еске салайық, Биркус пен Николау биіктігі шамамен 443 метр зәулім ғимараттың төбесіне 1 шілдеде өрмелеп шыққан. Жұп қара киім мен маска киген, антеннаға «Махаббат күші билікке деген сүйіспеншілікті жеңгенде, бейбітшілік орнайды» деген жазуы бар баннер іліп қойған. Руферлер шпильден алаңқайға түскенде, Биркус Николауға үйленуге ұсыныс жасады. Сол күні жұп ұсталды.


