Әлемдік рейтингте 111-орында тұрған, елдің екінші ракеткасы саналатын қазақстандық теннисші Александр Шевченко Алматыдағы ATP 250 хард турнирінің іріктеу кезеңінен өте алмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Іріктеуде Шевченко үшінші нөмірмен себеттелген еді. Бірінші айналымда ол эстондық Даниил Глинканы 6:3, 6:7 (3:7), 7:5 есебімен ұтты.
Жексенбіде қазақстандық негізгі сеткаға жолдаманы әлемнің 135-ракеткасы грек Стефанос Сакелларидиспен таластырды. Бұл матч Шевченконың 6:7 (4:7), 4:6 есебімен жеңілуімен аяқталды.
Осылайша, Шевченко Almaty Open негізгі сеткасына ілікпеді. Жеке разрядта Қазақстан атынан төрт теннисші сынға түседі. Александр Бублик үшінші себеттелген ретінде екінші айналымнан бастайды. Қалған үш қазақстандық wild card алып, бірінші айналымда мына матчтарды өткізеді: Михаил Кукушкин — Стефанос Сакелларидис (Грекия), Заңғар Нұрланұлы — Томаш Махач (Чехия), Тимофей Скатов — Фабиан Марожан (Венгрия).
Жұптық разрядта Бублик Нұрланұлымен бірге, ал Бейбіт Жұқаев Амир Омархановпен ойнайды. Екі қазақстандық жұп та wild card алды.


