Шымкентте 193,8 млн теңгеге заңсыз әлеуметтік төлем алу схемасы анықталып, сот үкімі шықты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қадағалау органының баспасөз қызметі мәлімдегендей, Шымкент прокуратурасы төлемдер 43 жүкті әйелді жалған жұмысқа орналастыру арқылы рәсімделгенін анықтады. Іс бойынша жалпы шығын 193,8 млн теңгені құрады.

«Әйелдер жеке кәсіпкерлердің қызметкері ретінде рәсімделді, алайда іс жүзінде олар онда жұмыс істемеген. Схема ұйымдастырушы кәсіпкерлердің электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, өткен кезеңдер үшін зейнетақы жарналарын аударып, әлеуметтік төлемдерді тағайындауға құжаттар дайындаған», — деп түсіндірді қадағалау органында.

Шымкент прокуратурасының дерегінше, қаражат алынған соң бұрын аударылған зейнетақы жарналары қате есептелді деген сылтаумен қайтарылған. Осылайша жалған жұмысқа орналасу мәліметтері мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан заңсыз ақша алуға негіз болған.

Сот үкімімен айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі (алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазаны өтеу Қылмыстық кодекстің 74-бабын қолдану арқылы 3 жылға кейінге қалдырылды.