Шымкентте қарыз шарты бойынша сот дауы бітімгершілік келісімді бекітумен аяқталды: жауапкерлер 2026 жылдың соңына дейін 5 млн теңге қарызды қолма-қол ақшамен өз еркімен өтеуге міндеттенді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шымкент соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қарыз шарты бойынша берешек сомасын өндіріп алу туралы талап қою ісін апелляциялық тәртіппен қарады.
Бұған дейін Шымкент қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі сотының шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылды: жауапкерден талап қоюшының пайдасына 4 950 000 теңге өндірілді. Осы шешіммен келіспеген жауапкер тарапы апелляциялық шағым берді.
Апелляциялық сатыдағы отырыс барысында тараптар өзара қол жеткізген бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтініш жасады. Оның шарттары бойынша жауапкерлер 2026 жылдың соңына дейін 5 млн теңге қарыз сомасын қолма-қол ақшамен өз еркімен төлеуге міндеттенеді. Қарыз толық өтелгеннен кейін талап қоюшы Шымкенттегі пәтерге салынған ауыртпалықты алуға міндеттенеді.
Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күші жойылып, тараптардың бітімгершілік келісімі бекітілді. Талап қоюшыға төленген 49 500 теңге мемлекеттік баж қайтарылды. Алқа ұйғарымы заңды күшіне енді.


