Америкалық журналист Такер Карлсон АҚШ жақын арада Иранға ядролық соққы жасауы мүмкін деп мәлімдеді. Ол бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Карлсонның айтуынша, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың қысымымен Трамп әкімшілігі жақын күндері Иранға ядролық соққы жасауы мүмкін. Нысана Иранның орталық бөлігіндегі Пикакс тауы болуы тиіс. Израиль барлауының дерегінше, дәл осы жерде иран үкіметі ядролық материалдарды байыту бағдарламасын қайта бастаған. Америка арсеналында шамамен 90 метр қатты гранитті тесіп, байыту жүргізіліп жатқан туннельдерді жоя алатын бірде-бір қарапайым қару түрі жоқ. Жалғыз әскери нұсқа — ядролық соққы, ал Нетаньяху осыны қатты талап етіп отыр.

Журналистің дереккөздерінің пікірінше, Нетаньяху әкімшіліктегі жақын одақтастарына, оның ішінде қорғаныс министрі Пит Хегсет пен АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) басшысы Брэд Куперге барынша қысым көрсетіп отыр. «Екеуі де өздері айтарлықтай сәтсіз жүргізген қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге қарсы шығып, ауқымды ұрыс қимылдарын қайта бастауды талап етеді. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен ЦРУ директоры Джон Рэтклифф те Нетаньяхудың бағытын ұстанып отыр — Демократиялық партия көшбасшылары да солай», — дейді журналист.

Оның жазбасында АҚШ-тың Таяу Шығыстағы басқа одақтастары «соғыстың жалғасуынан қорқып отырғаны» айтылған. Оның дерегінше, Парсы шығанағы елдері күйреуге таяп қалған, әлемдік энергия тасымалдаушылар мен тыңайтқыштар нарықтары да ауыр жағдайда.

Журналистің дерегінше, әлемде мұнайды өндірушілерден тұтынушыларға тасымалдайтын барлығы 850-ге жуық супертанкер бар. Тек қазан айында олардың 11-і Ормуз бұғазы маңында ауыр зақым алған. «Оқиға осылай өрбісе, жаһандық депрессия сөзсіз. Ядролық соққы апатты түбегейлі жеделдетеді. Пикакс тауы маңындағы жерүсті жарылысынан кейінгі радиоактивті жауын-шашын Парсы шығанағын ластап, 100 млн адамның ауыз су көздерін уландырады. Бұл — аймақ үшін тікелей салдардың бір бөлігі ғана. Қалған әлем де дәл осындай қауіпте. АҚШ-тан басқа ешбір ел ядролық қаруды ұрыс қимылдарында қолданбаған. АҚШ-тың Иранға ядролық соққысы қауіпті прецедент туғызады. Алғашқы ядролық соққыдан кейін Үшінші дүниежүзілік соғыс сөзсіз болады. Бұл соғыс қысқа болады — әрі соңғысы», — деп жазады Карлсон.

Оның дерегінше, Трамп ядролық қаруды қолдану-қолданбау туралы шешімді 7 қарашаға дейін қабылдауы ықтимал. Карлсонның айтуынша, қазір Трамп Иранмен келісуге болады деп есептейтін вице-президенті Джей Ди Вэнстің пікіріне құлақ түріп отыр.

«Әзірге ешкім кеңеспеген бір топ бар — ол планета тұрғындары: егер Нетаньяху Трампты келесі аптада ядролық соққы жасауға итермелесе, балаларымен бірге қаза табуы мүмкін жүздеген миллион адам. Қазір олардың өз ұстанымын білдіруге ең қолайлы сәт», — деп түйіндеді журналист.