Орталық Азия мемлекеттері мен Әзірбайжан басшыларының консультативтік кездесуінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың негізгі қауіпсіздік қатерлерін атап өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақорданың дерегінше, Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық тұрақсыздық жағдайында аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау басты міндет болып қала беретінін атап көрсетті.
«Терроризм, есірткі бизнесі, қару-жарақ және адам саудасы, заңсыз көші-қон, ұйымдасқан қылмыс пен алаяқтық әлі де қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп отыр. Цифрлық технологиялардың қылмыскерлердің, атап айтқанда, террористер мен есірткі картельдерінің қолына түсу қаупі ерекше алаңдаушылық туғызады. Қарсы әрекет әдістеріміз де заман талабына сай болуы керек екені анық. Орталық Азия мемлекеттері қауіпсіздік кеңестері хатшыларының тұрақты кездесулері осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Үшінші кездесу 23-24 сәуірде Душанбеде өтті. Өткен жылы Ташкентте қабылданған Аймақтық қауіпсіздік және тұрақтылық тұжырымдамасын, сондай-ақ Қауіпсіздік тәуекелдері мен олардың алдын алу шараларының каталогын жоғары бағалаймыз. Олардың толық әрі дәйекті жүзеге асырылуын қамтамасыз ету маңызды», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға елеулі орын берілді. Оның айтуынша, аймақ елдерін бай тарихи-мәдени мұра біріктіреді.
«Соңғы жылдары мәдениетаралық байланыстар айтарлықтай жанданды: көрмелер, кинофестивальдер, форумдар, естелік іс-шаралар өткізілуде. Бұл үдеріске жастар алмасуы, жоғары оқу орындары арасындағы және ғылыми ынтымақтастық, шығармашылық зиялы қауым диалогы арқылы қосымша серпін беру қажет деп есептеймін. Байланыстарды тереңдетудің заңды жалғасы ретінде ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру болып отыр. Білеттеріңіздей, Қазақстан Silk Way телеарнасының базасында аймақтық телеарна құру бастамасын көтерді», — деп ұсынды Мемлекет басшысы.
Түрікменстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері мен Әзірбайжан басшыларының консультативтік кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев тағы не туралы айтқанын осы жерден оқи аласыздар.


