АҚШ президенті Дональд Трамп SpaceX және Tesla компанияларының негізін қалаушы Илон Маскке елдің ең жоғары ғылыми марапаты — Ұлттық ғылым медалін табыс етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NBC News ақпаратынша, марапатқа американдық технология саласының тағы бірқатар ықпалды өкілдері ие болды. Ұлттық ғылым медалі Google компаниясының тең қалаушысы Сергей Бринге, Nvidia басшысы Дженсен Хуангқа және AMD жетекшісі Лиза Суға берілді. Ал Dell Technologies компаниясынан Майкл Делл мен Microsoft бас директоры Сатья Наделла Ұлттық технология және инновация медалімен марапатталды.
«Біз американдық ғажайыптар мен технологиялық жетістіктер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бүгін осында отырған дарынды ерлер мен әйелдердің арқасында біз әрқашан биік шыңда қала береміз», — деді Трамп.
Марапаттау рәсімінде Ақ үй басшысы олардың барлығы тарихта ұлы тұлғалар ретінде қалатынын атап өтті.
РИА Новости жазғандай, Трамп Маскты ұлттық байлық деп атады.
«Біз сіздермен мақтанамыз, өте мақтанамыз, (біздің — ред. ескертпесі) ұлттық байлығымыз», — деді АҚШ президенті салтанатты рәсім барысында.


