Түркістан облысында ел басшысының шалғай елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстың барысы облыс әкімінің қатаң бақылауында, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Өңір басшысы Нұралхан Күшеров Төлеби ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Ленгер қаласына барып, «Достық-2» ұңғымасының қазіргі жағдайымен және онда жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Қала тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында «Достық-2» ұңғымасын тазалау және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жобаны «STROY SYSTEM INC» ЖШС жүзеге асырды, жұмыстар 2025 жылдың желтоқсанында аяқталды. Жобаның жалпы құны 196,6 млн теңгені құрады.

Бүгінде Ленгерде 33 848 тұрғын тұрады. Ауызсумен 8 280 абонент қамтамасыз етілген. Тәуліктік тұтыну көлемі 8 962 текше метр болғанда, сумен жабдықтау жүйесіне шамамен 12 мың текше метр су беріледі.

Қаладағы магистральдық су құбыры желілерінің ұзындығы 35,2 шақырымды, ішкі желілердікі — 144 шақырымды құрайды. Үш негізгі резервуардың жалпы жобалық сыйымдылығы 14 мың текше метрге жетеді.

Осы жоба бойынша 124 млн 611 мың теңгеге жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, оның 32 млн 625 мың теңгесі аудандық бюджет есебінен, 91 млн 986 мың теңгесі облыстық бюджеттен бөлінді. Жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілді.

Облыс әкімі халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мемлекет басшысы қойған маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты ол халықты ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды.