Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы әзірленуде. Ол мектеп пәндері бойынша білімді тексеріп қана қоймай, сыни ойлау, цифрлық сауаттылық және басқа да дағдыларды бағалауды қамтуы мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ҰБТ-ның жаңа форматының жобасын 15 қазанда Qazaq AI Research University форумында Тестілеу ұлттық орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов таныстырды. Жоба Admission Insight Test (AIT) деп аталды және орталық оны ETS халықаралық ұйымымен бірлесіп әзірлеуде. Жұмыс 2026 жылдың ақпанында басталып, 2030 жылға дейін жалғаспақ.
Жаңа модель екі бөлімнен тұрады: 14 бейіндік пән бойынша пәндік тесттер және дағдылық тест.
«Пәндік тесттер — 14 бейіндік пән бойынша. Тапсырмалар мемлекеттік стандартқа сәйкес жаңартылады, бұл ретте ақпаратты қарапайым қайталаудан материалды тереңірек түсінуге басымдық беріледі. Дағдылық тест — сыни ойлау, академиялық жазу және зерттеу дағдылары, коммуникативтік дағдылар, ЖИ-, сандық және цифрлық сауаттылық, сондай-ақ креативті және дизайн-ойлауды бағалауға бағытталған бес модуль. Соңғы модуль әзірлену үстінде», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар Тестілеу ұлттық орталығының директоры пәндік білімнің маңызы зор екенін атап өтті. Дағдылық құрамдас оны бағалауды толықтыруға тиіс, алмастыруға емес. Ұсынылып отырған емтихан құрылымы білім саясаты мен зерттеу нәтижелерін ескере отырып нақтыланатын болады.
«Білім енді тапшылық емес. Тапшылыққа пайымдау айналды. Білімді қайталауды тексеретін емтихан бүгінде жасанды интеллект талапкерден жылдам орындайтын нәрсені өлшейді», — деді Байжанов.
ҰБТ-ның жаңа форматын пилоттық сынақтан өткізу 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.


