Қазақстан Үкіметі жәрдемақылардың жаңа тізбесі мен оларды тағайындау шарттарын бекітті. Тиісті қаулы Нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінің сайтында жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Құжат 2026 жылғы 5 қазандағы күнімен шыққан. Онда жәрдемақылардың тізбесі және оларды тағайындау, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату шарттары, сондай-ақ жерлеуге біржолғы төлемді тағайындау шарттары бекітілген.

Қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе 10 жәрдемақыны қамтиды:

— бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы;

— бала бір жарым жасқа толғанға дейін оны күту бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;

— бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар, оның ішінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіргенге дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) балалары бар көпбалалы отбасыларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;

— «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған немесе бұрын «Ана-батыр» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;

— мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;

— қайтыс болған асыраушының асырауында болған еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелеріне асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;

— арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

— бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды күтетін адамдарға мемлекеттік жәрдемақы;

— мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, асырап алушыға (асырап алушы әйелге), қамқоршыға (қорғаншыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы;

— арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы.

Жәрдемақы түрлері, сондай-ақ жерлеуге біржолғы төлем отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін объективті бағалау негізінде мұқтаждық қағидаты бойынша беріледі.

«Мұқтаждық қағидатына сәйкес жәрдемақыларға, сондай-ақ жерлеуге біржолғы төлемге құқық Кодекстің 24-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган цифрландыру, бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету, мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп бекітетін отбасының (адамның) әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесімен айқындалған әл-ауқаты жоғары («А» деңгейі) және ауқатты («B» деңгейі) адамдарға қолданылмайды», — делінген құжатта.

Бұған дейін Қазақстанда кейбір жәрдемақылар 2027 жылдан бастап жаңаша есептелетіні хабарланған болатын.