Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті елден тыс жерге мұнай өнімдерін заңсыз экспорттаған ұйымдасқан топтың әрекетін тоқтатты. Тергеу анықтағандай, қылмыстық схеманы Маңғыстау облысының кәсіпкері ұйымдастырған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тергеу нұсқасы бойынша, бұл кәсіпкер жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен шикі мұнай сатып алуға шарт жасасқан. Содан кейін шикізат «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңделіп, сапа паспорттары жалған рәсімделген. Дайын өнім пеш отыны деген атаумен танкермен Ақтау теңіз порты арқылы шетелге шығарылған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, 2019–2023 жылдары тек «Batys Nefte Trade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз экспортталған. Ведомство операциялардың жалпы көлемін шамамен 45 млрд теңгеге бағалады.

Биыл жүргізілген процестік шаралар кешені аясында қылмыстық іске қатысушылардың активтері, сондай-ақ шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлік тәркіленді. Жалпы алғанда, мемлекет пайдасына заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтардан 2 млрд теңгеден астам қаражат өндіріліп алынды.

Бұған дейін Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі, оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдер компанияның басшылары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234-бабының 3-бөлігі және 262-бабының 2-бөлігі бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық схеманы ұйымдастырушы халықаралық іздеуде.