Украинаның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы тұрақты өкілі Андрей Мельник Владимир Зеленскийдің Владимир Путинмен ықтимал кездесуіне қатысты ұстанымын түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сөйлеген Андрей Мельник Украина бейбітшілік жолын іздеуге әлі де толық берілгенін атап өтті.
«Украина президенті Путинмен мүмкіндік туа салысымен кездесуге дайын — желтоқсанда Флоридада, G20 саммиті аясында немесе әлемнің кез келген басқа жерінде, қажет болса, тіпті Антарктидада да — қай жерде болса да, тек Мәскеуде емес», — деді Украинаның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Андрей Мельник.
Оның айтуынша, Путин әлі күнге дейін Украинаның еркін сындырып, украиндарды тізе бүктіруге болады деп ойлап, адасуда.
Бұған дейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков «Вести» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Владимир Путиннің Владимир Зеленскийдің ықтимал қоңырауына жауап беруге дайын екенін мәлімдеген. Ушаковтың айтуынша, ресейлік көшбасшы диалогтан ешқашан бас тартқан емес.
Осыдан кейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинді Киевке шақырып, оған қоңырау шалудың мәні жоқ екенін айтты.


