Отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың мемлекеттік жүйесін енгізу қазақстандықтарға кредит беруге әсер етпейді. Бұл туралы брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұлттық банк басшысы қаржы саласы цифрланған және мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграцияланғанын атап өтті. «Бұл бізге де, ұлттық қаржы инфрақұрылымының иелері ретінде, екінші деңгейдегі банктерге де қатысты. Мемлекеттік кредиттік бюро, Бірінші кредиттік бюро әртүрлі дерекқорлармен, оның ішінде мүлік, жеке тұлғалардың табысы және басқа да деректер бойынша интеграцияны қамтамасыз етеді. Кредитке өтініш берген кезде сіз банктің кредиттік тарихыңыз туралы ақпарат алуына келісімге қол қоясыз. Бұл банк сізді мүлдем жаңа клиент ретінде емес, табысыңыз, зейнетақы аударымдарыңыз, мүлігіңіз және басқа да деректеріңіз туралы түсінікке ие болуы үшін қажет», — деп түсіндірді ол.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, банктерде бұл процестер әлдеқашан цифрланған және олар әр қазақстандықтың тәуекел профилін жақсы көреді.
«Мен мұнда қандай да бір қосымша тәуекелдерді көріп отырған жоқпын. Біздің қаржы жүйесі әлдеқашан жеткілікті түрде цифрланған. Менің ойымша, банк үшін бұл маңызды емес (қандай әл-ауқат критерийлері болады — ред. еск.). Банктердің өз скорингтік модельдері бар, оның үстіне әлдеқайда озық. Олар нақты банктің саясатына байланысты. Банктерде әлдеқашан өз қарыз алушылар санаттары бар. Сондықтан отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың мемлекеттік жүйесін енгізу, менің ойымша, кредит беруге ешқандай әсер етпейді», — деп сенімді Ұлттық банк басшысы.
Еске салайық, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жәрдемақылардың кейбір түрлері отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін объективті бағалау негізінде қажеттілік принципі бойынша берілетін болады.
Бұған дейін қазақстандықтардың қайсысы А (бай), B (ауқатты), C (305 мыңнан табысы бар), сондай-ақ D (кедейлік шегінде) және Е (ең осал санат) санаттарына жатқызылатыны хабарланған болатын. Сонымен қатар, Қазақстанда отбасының қай әл-ауқат санатына кіретінін қалай анықтауға болатыны түсіндірілді.


