Астанада өткен отырыста Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов ұлттық валютаны биыл қолдаған факторларды атап өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Кавказ және Орталық Азия бойынша өңірлік экономикалық шолуын таныстыру барысында журналистер қор есебінде Қазақстан ұлттық валютасы нығайған елдер қатарында аталғанына назар аударды. БАҚ өкілдері бұл үрдіс республикада қанша уақыт сақталатынын және әлемде мұнай бағасының төмендеуі туралы болжамдарды ескергенде, келесі жылы теңгеден не күтуге болатынын сұрады.

Ақылжан Баймағамбетов Ұлттық банк ұлттық валюта бағамына болжам жасамайтынын мәлімдеді.

«Бірақ сұхбаттарымызда біз әрдайым ұлттық валюта бағамына әсер ететін факторларды, оның қандай есептен болатынын сипаттаймыз. Атап айтқанда, биыл Қазақстан үшін экспортымыздың барлық дерлік негізгі баптары бойынша — мұнай, металдар, уран, астық бойынша — сауда жағдайы айтарлықтай қолайлы болды. Алтын да — едәуір ірі бап. Ол тікелей экспортталмаса да, біз монетарлық бейтараптық қағидатын ұстанғандықтан, алтын жөніндегі операцияларды айналыстырып отырамыз, сөйтіп түсім ішкі валюта нарығына түседі», — деп түсіндірді ол.

Баймағамбетов компаниялардың шетел валютасындағы қарыз алуына да тоқталды.

«Бұл да импортты қаржыландыру үшін шетел валютасын сатып алуға деген қажеттілікті ішінара азайтқан болуы мүмкін. Бұл — теңгенің табиғи жолмен нығаюына әкелген факторлардың тұтас жиынтығы», — деп қорытындылады Ұлттық банк төрағасының орынбасары.