XX жазғы Азия ойындарындағы алтын медалінен айырылған қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Токсанбаеваға бір бөлмелі пәтер сыйға тартылды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Қазақстан Республикасының жеңіл атлетика федерациясы XX жазғы Азия ойындары мен V Азия параойындарында жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен жаттықтырушыларды құрметтеу рәсімінің кадрларын жариялады.

Кадрлардан марапатталғандар медаліне қарай 6 және 10 мың долларлық ақшалай сертификат алғаны көрінеді. Марапатталғандардың қатарында Ясмина Токсанбаева да болды.

«Кештің басты оқиғасы — марафон қашықтығында ерекше батылдық танытқан Ясмина Токсанбаеваға бір бөлмелі пәтердің кілтін тапсыру болды. Пәтер федерация мен демеушілер атынан берілді. Федерация Ясминаны Азия ойындарының нағыз чемпионы және ел мақтанышы деп санайды», — делінген хабарламада.

Токсанбаеваның өзі осындай сый үшін зор ризашылығын білдірген жазба жариялады.

«Сезімімді жеткізуге сөз де, эмоция да жетпейді, елім мен федерация тарапынан мойындалғаныма қатты қуаныштымын. Бүгінгі күнге атсалысқан баршаңызға рақмет! Бұл мені әрі қарай жылжуға және өсуге ынталандырады!» — деп жауап берді Токсанбаева.

Еске салайық, қазақстандық Ясмина Токсанбаева 27 қыркүйекте XX жазғы Азия ойындарында марафон қашықтығында спорттық жүріспен өнер көрсетті. Ол бірінші болып мәреге жетті, алайда кейін оның нәтижесі аяқ киіміне байланысты наразылық тудырды.

Тексерулерден кейін спортшы дисквалификацияланды, ал Қазақстан құрамасы бір алтын медальден айырылды. Кейін федерация оған чемпионға көзделген барлық жүлде төлемдерін төлейтінін уәде етті.