Жамбыл облысында патрульдік полиция қызметкерлері балық аулап жүріп кездейсоқ суға құлап, тасқа ілініп қалған 16 жастағы жасөспірімді көлден алып шықты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«ҚР ІІМ жаңалықтары» Telegram-арнасының мәліметінше, «102» пультіне Тараз тұрғыны қоңырау шалған. Ер адам жасөспірімнің көлде суға батып бара жатқанын және оған шұғыл көмек қажет екенін айтқан.
Оқиға орнына патрульдік полиция экипажы дереу жіберілді. Келген қызметкерлер жас жігітті көрді. Ол балық аулап жүріп кездейсоқ көлге құлаған. Суға түскен соң ол тасқа ілініп, өз бетінше шыға алмаған.
Патрульдік полиция қызметкерлері Маханбет Шаянбаев пен Қасымхан Қалаубек бір сәт те ойланбастан суға секіріп, жасөспірімді құтқарып қалды.
Ол Тараздың 16 жастағы тұрғыны болып шықты. Құтқарылған соң жігіт жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Бақытымызға орай, қазір оның жағдайы жақсы.
Жасөспірімнің ата-анасы полицейлерге жеделдігі, батылдығы және ұлдарының өмірін сақтап қалғаны үшін шынайы алғысын білдірді.


