Жамбыл облысында сот оқудан шығарылған студентті университетке оқу ақысы бойынша 632 мың теңге қарызын төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Мойынқұм аудандық соты Дулати атындағы Тараз университетінің оқу ақысы бойынша қарызды өндіру туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.

2023 жылғы тамызда университет пен студент арасында ақылы білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт жасалған. Жауапкер «Логопедия» бағдарламасы бойынша оқып, оқу ақысын уақтылы төлеуге міндеттенген.

Алайда өзіне алған шарттық міндеттемелерін тиісті түрде орындамаған. Университеттің ішкі тәртібін бұзғаны және студентпен байланыс үзілгені үшін ол 2025 жылғы сәуірде оқудан шығарылды.

Оқу тоқтатылғанымен, оқудан шығарылғанға дейін қалыптасқан қарызды өтеу міндеті сақталды. Университет жауапкерге ақы төлеу қажеттігі туралы хабарламалар жіберген, бірақ олар нәтиже бермеді. Қарыз сомасы 632 мың теңгені құрағандықтан, университет сотқа жүгінді.

Іс материалдарын және ұсынылған дәлелдемелерді зерделей келе, сот қойылған талаптардың негізділігі туралы қорытындыға келіп, талап арызды толық көлемде қанағаттандырды.

Сот шешімімен қыздан университет пайдасына 632 мың теңге көлеміндегі қарыз және мемлекеттік баж өндірілді. Шешім заңды күшіне енді.