Жетісу облысында сот шешімімен мемлекетке шетелдік қатысы бар жекеменшік компанияға тиесілі 2,3 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері қайтарылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бас прокуратураның ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, қайтарылған жер телімдерінің құны шамамен 50 миллион теңгеге бағаланып отыр. Жерлер құрылтайшылары үш Иран азаматы болған заңды тұлғаның иелігінде заңсыз болған.
«Жер заңнамасының сақталуын талдау барысында аталған жер телімдері иелігінде болған заңды тұлғаның құрылтайшылары үш Иран азаматы екені анықталды. Жер телімдері Ескелді ауданында орналасқан және ҚР Жер кодексінің талаптарын бұза отырып берілген», — деп атап өтті Бас прокуратурада.
Мемлекет мүддесін қорғау мақсатында Ескелді ауданының прокуратурасы жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы талап-арызбен сотқа жүгінді. Сот талапты қанағаттандырды. Шешімнің әзірге заңды күшіне енбегені белгілі болды.
Жалпы облыс бойынша прокурорлық ықпал ету шараларының нәтижесінде мемлекетке жалпы құны 1,7 миллиард теңгеден асатын 41,1 мың гектардан астам жер қайтарылды.


