Әлеуметтік желілерде Талдыбұлақтағы сақ қорғандарының маңында, болжам бойынша, жер қазу жұмыстары түсірілген видео тарады. Кадрлар жарияланғаннан кейін полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жарияланған кадрларда ежелгі қорымдар орналасқан аумақта жүргізілген жұмыстар көрінеді. Алайда бұл жұмыстарды кім жүргізіп жатқаны, қандай мақсатпен істеліп жатқаны және қажетті рұқсаттар алынғаны әзірге белгісіз.

Жетісу облысының полиция департаменті тергеудің басталғанын растады. «Полиция вандализм фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», — деді Жетісу облысы ПД-да.

Бұған дейін «курсив» қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қоғамдық ғимараттарға граффити салатындарға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырғанын жазған. Кейін премьер-министр Олжас Бектенов ІІМ-ге мұндай бұзушылықтар үшін жеке айыппұл енгізуді пысықтауды тапсырды.

Қазір вандализм үшін 100-ден 200 АЕК-ке дейінгі айыппұл не 160 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейінгі қамау қарастырылған. Қайталап бұзу не адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша әрекет жасау үшін жаза үш жылға бас бостандығынан айыруға дейін жетуі мүмкін.