Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық қызығушылығын  қалыптастыру тәсілдері

Қазіргі қоғам дамуының өзекті мәселелерінің бірі балаларды түгелдей көркем әдебиет оқуға дағдыландыру болып табылады. Бала тұлғасының рухани сезімі мен сапаларын қалыптастыру және жүзеге асырудың көпшілік қолдаған күмәнсіз құралы ̶ олардың көркем әдебиетті іштей оқуға, кітап мазмұны жөнінде ойлануға дағдыландыру. 

Осыған орай, оқушының оқырмандық әрекетін мақсат көздей отырып ұйымдастыру мектептің, нақтырақ айтқанда, бастауыш сатыдағы білім беру жүйесінің бірінші кезектегі міндеті болуы тиіс.
Бастауыш сынып оқушы тұлғасы ол оқыған кітаптардың әсерінен қалыптасады, өйткені әдебиет арқылы ұрпақтан - ұрпаққа рухани - адамгершілік құндылықтар тасымалданады. Оқырмандық әрекет ақыл - ой мен жүректің қызметін, шыдамдылықты талап ететін бала мен кітап арасындағы диалогты орнатушы рөлін атқарады. С. Маршактың пікірінше, бастауыш сыныптың әдебиеттік оқу сабақтарының негізгі міндеті кіші жастағы оқушы тұлғасынан «талантты оқырман» қалыптастыру. 

Ал З. В. Тумова «кітап тұлға қалыптастырады, оны дамыта түседі, ал бұл әдебиеттің жетекші идеясы» деп жазған. Оқырмандық қызығушылық баланы қолына кітап алып, ондағы жазылғанды оқып, одан жағымды сезімге бөленіп, ләззат алуы және оқылған мазмұннан алған әсерін жеткізе алуы тиіс болатындай қозғаушы күш болып табылады. Бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық қызығушылығының даму дәрежесін зерттеу нәтижесінде ғалымдар төмендегідей үш категорияны анықтаған: — енжар даму (білім алушы қолына кітап алып, ондағы суреттерді бей - жай, мақсат қоймастан көреді, қызығушылығы, белсенділік болмайды, оқығанынан алған әсері еш байқалмайды); — белсенді даму (білім алушы оқуға ұмтылады, бірақ еш мақсат көздемейді, кейде өз әсерін көрнекі түрде көрсетеді); — мақсат көздеу (білім алушы үнемі кітап оқуға ұмытылысын білдіреді, суреттерді қарайды, өзбетінше оқуға тырысады). 


Бастауыш сынып оқушысының оқырмандық қызығушылығы — бұл феномен, ол оқушының танымдық белсенділігімен, танымдық қызығушылығымен байланысты болады және сезімге бай болуы мен шығармаға қатысты алғанда өзіндік оқуға деген көзқарасымен, оқырмандық әрекетті жүзеге асыруға ішкі мотивацияның тұрақты болуымен сипатталады. Бүгінгі күні бастауыш сынып мұғалімі бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық қызығушылығын тиімді қалыптастыруға мүмкіндік беретін түрлі педагогикалық құралдар қолдануда. 
Барлығы да мұғалімнің мүмкіндіктері мен қабілетіне, оның тәжірибесі мен құзыреттілігіне, сондай - ақ білім беру ұйымының мүмкіндіктеріне байланысты. Әдебиеттерде берілген бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық қызығушылығын қалыптастырудың бірнеше құралын қарастырайық. Мысалы, Е. П. Климованың еңбегінде оқушының саналы түрде кітап оқуына мүмкіндік беретін түрлі тапсырмаларды қолдану қажеттігін айтқан.


Олар: Сөзбен лексикалық жұмыс жүргізілетін тапсырмалар. Бұл тапсырмалар сөздің мағынасын барынша кең, оңтайлы түсінуге мүмкіндік береді. Оқылған мәтіннің мазмұнын, жанрлық ерекшеліктерін, сезімдік сипаттамасын болжай алу білігін қалыптастыратын мағынаны тануға бағытталған тәсілдер қолданылатын тапсырмалар. Шығарманы саналы қабылдай отырып, өңдеуге, таратуға бағытталған әдістемелік тәсілдерді қамтитын тапсырмалар. И. Г. Жукова өз зерттеуінде бастауыш сынып оқушыларының оқырмандық қызығушылығын қалыптастыру үшін төмендегідей педагогикалық құралдар тиімді екенін айтады: сурет, музыкамен сүйемелденетін кіріктірілген сабақтар өткізу; ертегіге негізделген мәтіндерді қамтитын жаттығулар қолдану; әдебиет кейіпкерлерін қолдана отырып, ойын, топтық, жұптық жұмыстар, диалогтар ұйымдастыру; шығарма жазу. 


Аталған құралдар әдебиеттік оқу сабақтарында тиімді. Ал сыныптан тыс жұмыстар ретінде кітаптың құндылығын түсіндіру мақсатындағы әңгімелесу, дөңгелек үстел, кітапханаға саяхат сабағын, ақын - жазушылармен кездесу, «Белсенді оқырман» сайысын т. б. шараларды ұйымдастыру тиімді болмақ. Бастауыш сынып оқушысының оқуға деген ұмтылысын, оқырмандық қызығушылық қалыптастыратын қай әдісті алып қарасақ та, барлығын дұрыс ұйымдастыра алу, мақсатқа қол жеткізу ұстаздың педагогикалық шеберлігіне байланысты.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама