Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Бауыржан ата рухына тағзым
Ашық оқу қызметі:
Тақырыбы: Бауыржан ата рухына тағзым
Мақсаты:
— Қазақ халқының Отан қорғаған қаһарман ұлдарының бірі, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының өмір жолдары, ерлік күресі, халқының болашағы үшін жасаған еңбегін таныстыру;
— балалардың танымын, мақтаныш сезімдерін, ой - өрісін дамыту;
 — Жас ұрпақты өз Отанын сүюге, тілін, ар - намысын қорғауға, қолдауға, адалдыққа, елінің, жерінің патриоты болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: нақыл сөздер, суреттер
Сабақ түрі: Танымдық - сырласу сабағы
Әдіс - тәсілдері: баяндау, түсіндіру, сұрақ - жауап, ой туғызу, қызығушылығын ояту
Ұйымдастыру кезеңі:
Тәрбиеші: Бүгінгі біздің ашық оқу қызметімізде аты аңызға айналған халық батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына арналады.
Кешіп өтіп кешегі от - жалыннан,
Дүниеге ерлігімен танылған,
Кең жауырынды, Талғардай тік иықты.
Бөрі кеуде, бүркіт қабақ Бауыржан.
Қалтыраған атынан жау ордасы,
Панфиловтың жорықтағы жолдасы,
Даңқ туын майдандағы көтерген
Гвардия бөлімінің қолбасы
- Қазақ халқының өр тұлғаларының жалғасы, Отан қорғаған қаһарман ұлдарының бірі – Кеңес Одағының батыры, Қазақ халқының батыры Бауыржан Момышұлы. Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Көлбастау ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі – Момыш, шешесі – Рәзия. Әкесі жаны жомарт кісі болған. Отбасыларында 4 қыздан кейін, әкесі Момыш 50 - ді еңсерген шағында Бауыржан дүниеге келіпті. Тәуіржан деген інісі бір жасында қайтыс болып кеткен. Әкесінен аздап хат таныған Бауыржан көрші Евгеньевка ауылындағы орыс мектебінде 1 жыл оқып, келесі жылы Жамбыл қаласына келіп, Аса интернатында 3 жыл оқып бастауыш мектепті тәмәмдады. 1921 жылы Шымкенттегі 7 жылдық мектеп - интернатына оқуға түседі. 1928 жылы оны бітірген соң, біраз жылдар мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Бұл сол кездегі ең бір абыройлы, беделді мамандықтардың бірі. Сол кездің өзінде - ақ еңбекқорлығымен, өз қызметіне деген ынта жігерімен, дарынымен көзге түскен жас жігітке ауаткомның хатшысы, милиция бастығы сияқты аса жауапты қызметтер сеніп тапсырылған. Еңбекқор, іскер азаматтардың қандай да болсын істен нәтиже шығара білетіні белгілі. Баукең бойындағы мұндай қасиеттерін әскер қатарынан оралғаннан кейінгі жылдары да көрсетсе керек.
Баукеңнің зайыбының аты Бибіжамал. Ұлы Бақытжан және қызы Шолпан.
Сергіту сәті:
Атамның алып күрегін,
Ауланың қарын күредім.
Әжеме мен құдықтан,
Су әкеліп беремін.
Еденді де жуамын,
Шаң - тозаңды қуамын!
Тәрбиеші: Соғыс – адамзат өмірінің ұлы трагедиясы. Соғыс – адам жанын қинайтын ең ауыр, ең ащы азап. Осы соғысқа Кеңес Одағының миллиондаған адамы қатысты. Солардың ішінде қазақ халқының арасында аты аңызға айналған, батыр атамыз Бауыржан Момышұлы да болды.
Сабақты қорытындылау:
1947 жылы Бауыржан Момышұлы Красноярскіде әскери қызметте жүргенде былай деп жазған екен:
Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар қайран қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде.
- Міне батырдың өзі жазғандай 110 жасқа толған тойы Қазақстанның жер - жерінде аталып өтіп жатыр. Бауыржан атамыз сияқты өмірі өнегелі істерге толы қасиетті тұлғаны жете біліп, оларды мәңгі есте сақтау – біздің қасиетті борышымыз - деп оқу қызметін қорытындылау

Жамбыл облысы Жуалы ауданы Б. Момышұлы ауылы
«Аягүл» бөбекжай - бақша тәрбиешісі
 Бекбаева Лаззат Сапарбековна

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама