Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Ел рәміздері — еркіндік пен бірліктің нышаны

4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. 

Мемлекеттік рәміздердің тарихы

Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран — мемлекеттің негізгі рәміздері. 1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік Ту бекітілді. Егемен Қазақстанның бүгінгі Елтаңбасы екі танымал сәулетші — Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың еңбегінің жемісі.

1992 жылы республикамызда Әнұранның әні мен мәтініне конкурс жарияланды. Нәтижесінде тұңғыш Қазақстан Әнұранының авторлары — Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің жазған нұсқасы қабылданды. Бұдан кейін 2006 жылы жаңа Мемлекеттік Әнұран қабылданды — халық арасында кең танылған патриоттық ән «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұран негізіне айналды. Қазақстан Республикасы жаңа Мемлекеттік Әнұранының авторлары — Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы — 1:2.

  • Көк түс ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдіреді.
  • Күн бейнесі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді.
  • Қыран бейнесі мемлекеттің қуат-күшін, егемендігін және тәуелсіздігін танытады.
  • Ұлттық өрнектер халықтың мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы — дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ бейнесінде бейнеленген. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде — бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Qazaqstan» деген жазу — алтын түстес.

  • Алтын түс байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы.
  • Көгілдір түс ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тіршілік ұғымдарын білдіреді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны

Әнұран — мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны екі рет қабылданды (1992 және 2006 жылдары). 2006 жылы бекітілген жаңа Мемлекеттік Әнұранның әуенін жазған Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл әннің тарихы 1956 жылдан басталады және тың игеру жылдарында жазылған.

Мемлекеттік рәміздердің қолданылуы және қорғалуы

Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады. Мемлекеттік рәміздер заңмен қорғалған, сондықтан оларды ешкімнің қорлауына жол берілмейді. Заңға сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлағандар — 1 мың АЕК-тен 2 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айырылады.

2020 жылдың қазан айында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы заңнаманы қайта қарау қажеттігін мәлімдеген. Осыдан кейін туды балконға ілуге ресми рұқсат берілді.

Мемлекеттік рәміздердің символикалық маңызы

Мемлекеттік рәміздеріміз әлемдік аренада Қазақстанның символына айналды. Туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты алдында тұр, шетелдердегі елшіліктеріміздің маңдайшаларына тігілген. Ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарышта Мемлекеттік туды көтерді. Еліміздің олимпиада жеңімпаздары Әнұранымызбен бірге көк туымызды биікке көтерді.

Қызықты деректер

  • 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес президиумының жаңа мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулысы шықты. Соған сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды.
  • Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларын жасауға байқау жарияланып, оған 600-ден астам адам қатысты.
  • Талғат Мұсабаевтың ғарышқа ұшқанына 28 жыл толды.
  • 2011 жылы альпинистер Мақсұт Жұмаев пен Василий Левцов Қазақстанның Туын Азияның ең күрделі тау шыңы — биіктігі 8 611 метр «Қарақорым Чогориге» тікті.

Мемлекеттік рәміздерімізді қадірлеу және олардың маңызын түсіну — әрбір қазақстандықтың борышы. Қазақстанның мемлекеттік рәміздері тек еліміздің символы ғана емес, сонымен бірге халқымыздың мақтанышы, бірлігінің және тәуелсіздігінің көрінісі болып табылады.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама