Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Көңілді ойындар
Көңілді ойындар
Білім беру саласы: «Таным»
Бөлімі: Сенсорика.
Мақсаты:
Білімділігі: Балаларға сезім дамыту оқу іс - әрекеті бойынша өткен тақырыптарды еске түсіріп, білімдерін ойын арқылы жетілдіріп бекіту. Заттардың көлеміне, пішініне, түсіне қарай топтап ажыратып білуге үйрету.
Дамытушылық: Балалардың ойлау қабілеттерін арттырып, тілдерін дамыту, өздігімен жұмыс істеуге машықтандыру.
Тәрбиелік: Балаларды қамқорлыққа, ұқыптылыққа, бастаған ісін аяғына дейін жеткізе білуге тәрбиелеу.
Сөздік жұмыс: домалақ

Билингвалды компонент: доп - мяч
Пәнаралық байланыс: Қоршаған ортамен таныстыру, көркем әдебиет, математика.
Қолданылатын көрнекі құралдар: магнитті тақта, түрлі - түсті магниттер, әр түрлі ойыншықтар, суреттер, қуыршақ Айсұлу.

Мотивациялық - қозғаушылық кезеңі:
Шаттық шеңбері
Қане, шеңбер құрайық
Алақанды ашайық
Жүрекке жылу салайық
Жиналған бар шуақты
Бір - бірімізге сыйлайық
Қонақтармен амандастыру.

Ұйымдастырушылық - ізденістік кезең:
«Ғажайып сәт»
- Балалар, бүгін бізге тағы бір қонақ келмекші еді, көрінбейді ғой. Қане, әйнек жаққа қарайықшы, бар ма?
(Балалар әйнек жаққа мойындарын бұрады)
- Жоқ.
- Енді есік жаққа қараңдар (Ол жақтан қуыршақты көреді)
Қуыршақпен балаларды амандастыру және таныстыру. Қуыршақ Айсұлудың балалардан көмек сұрай келгенін айту.
- Балалар, Айсұлу шарларды әдемілеймін деп магниттерді дайындап қойғанда қатты жел соғыпты да, магниттер араласып кетіпті. Енді ол қай магнитті қай шарға қоятынын білмей жылап отыр.
- Балалар Айсұлуға көмектесейік пе?
(Көмектесуге келіседі.)

1 - ойын:
Шарларды сол түстес магнитпен әсемдеу.
(Магнитті тақтадағы салынған шарларға сол түстес магниттерді жапсырады)
- Балалар, қызыл шарға қандай магнитті орналастырдық? (Қызыл магнитті)
- Ал көк шарға ше? (Көк магнитті)
- Балалар, назар аударыңдаршы, магниттер көп пе, аз ба? (Магниттер көп)
- Ал шарлар ше?( Шарлар аз)

2 - ойын:
Үстел үстінде көлемдері әртүрлі ойыншықтар жатады. Қуыршақ Айсұлуды сол жерге жақындату және ең кішкене ойыншық допты тауып беруін сұрау.
- Балалар, Айсұлу мына ойыншықтардың қалай аталатынын және олардың қайсысы кішкене, қайсысы үлкен екенін айыра алмай тұр. Сендер айта аласыңдар ма?
Балалар тұрған ойыншықтарды атайды, санайды және үлкен - кішісін көрсетеді.
Билингвалды компонент: доп - мяч
Балалар «доп - мяч» деп қайталайды
Доптың пішіні туралы сұраққа оның домалақ екенін айтады.
Сөздік жұмыс - домалақ

Саусақ жаттығуы:
Добым, добым домалақ
Қайда кеттің домалап
Тәрелкені сындырдың
Үстел үстін бүлдірдің
(Балалар екі қолдың саусақтарының бастарын біріктіріп доптың пішініне келтіреді, қол қимылдарымен домалаған доптың қимылын көрсетеді)
Д\о: «Ұқсас заттарды тауып бер».
Мақсаты: балаларға бір затты көрсету, балалар алдарында тұрған суреттерден соған ұқсас затты көрсетеді. Мысалы: шар. Оған ұқсайтын доптың, күннің, алманың т. б. суреттерін көрсетулері керек.
- Балалар, Айсұлу сендерге өте риза болды, балабақшада көп нәрсе үйреніпсіңдер. Енді балабақшаға мен де келем деп отыр. Ал қазір онымен қоштасайық.
Балалар қуыршақ Айсұлумен қоштасады.

Рефлексиялық - түзетушілік кезең:
- Біз бүгін кімге көмектестік?
- Айсұлуға көмектеспесек не болар еді?(Балалар қойылған сұрақтарға жауап береді)
Балаларға Айсұлуға көмектесіп жақсы іс жасағандарын, үнемі бір - біріне көмектесіп жүрулері керектігін айтып мадақтау.
Келген қонақтармен қоштастыру.

Күтілетін нәтиже:
Біледі: түсті ажыратуды, аз - көп ұғымдарын, үлкен - кішкене ұғымдарын, салыстыруды;
Игереді: ойлай білуді, қойылған сұраққа толық жауап қайтару керектігін;
Меңгереді: қайырымдылық жасауды, бір - біріне көмектесудің жақсы іс екендігін.

Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы, Солоновка ауылы
«Балауса» балабақшасының тәрбиешісі
Гульбаршын Какановна Захарьянова

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама