Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Нан дастарханға қалай келеді
Cабақтың тақырыбы: «Нан дастарханға қалай келеді»
Сабақтың мақсаты: Балаларды айналадағы дүниемен таныстыру. Балаларға нанның адам еңбегімен келетінін, оған көп күш жұмсалатынын түсіндіру. Сондықтан нанды қастерлеу, жерге тастамау керектігін білдіру.
Еңбек адамын құрметтеуге баулу.
Сабақтың әдіс - тәсілі: Сұрақ - жауап, сурет арқылы баяндау, мәнерлеп оқу.
Сөздіктер: Диірменші, қырманшы, элеватор, наубайхана, наубайханашы, алтын астық, алтын дән, диқаншы
Көрнекіліктер: Фото - сурет, «Егін орағы», «Көктемгі егіс алқабы» «Нан өмір тірегі», «Тұқым себу»«Колхоз даласында», «Элеватор», «Наубайхана»

Сабақ барысы: 1. КІРІСПЕ БӨЛІМ. Әңгіме - сұрақтар
а) Бүгін аптаның қай күні, балалар?
- Жұма
ә) Жылдың қай мезгілі?
- Күз мезгілі
б) Күзде қандай өзгерістер болады?
- Жапырақтар сарғайып жерге түседі, жеміс пен көкөністер піседі, жауын - шашын басталады, күн салқындайды
в) Нанды қайдан аламыз?
- Дүкеннен
«Дастархан» әні орындайтын Аманат пен Асылай
Тәрбиеші: Балалар қараңдаршы нанның бірнеше түрі бар екенін: ақ бөлке, қызыл күрең тоқаш та, сап - сары бауырсақ та, батон да бар екен. Ал осы нандарды неден пісіреді?
Балалар:- ұннан
Тәрбиеші:- Енді сол ұн қайдан шығады соны білесіңдер ме? Бүгінгі сабақта біз ұнның қайдан шығатынын, нанның дастарханға қалай келетіндігін білетін боламыз.
Айнұр: Нан анасы - бидаймын
Елге астық сыйлаймын
Дәнім толып піскенде
Қауызыма сыймаймын.
Медина: Күміс мұртты арпамын
Ырыс - құтты арпамын
Еңбек етіп, баптаған
Еліме сый тартамын.
Асылай: Ақ, қарамын, сарымын
Мен өнімді тарымын
Халқым еңбек сіңірсе
Қайтарамын қарымын
Мансур: Мен сұлумын ұланның
Тұлпарына ұнадым
Баптаған әр диқанға,
Басымды иіп тұрамын.

«Қамажай» биі – Мадина - Асылай - Назерке
Тәрбиеші: Мынау бидай масағы, мынау бидайдың ұзын сабағы, ал мынау мұртшалары. Егер мына бидайдың сыртындағы қауызын аршитын болсақ ішінен мынадай бидай шығады. Ол дәнді
ұнтақтаса ұн пайда болады. Балалар нан туралы қандай ырымдар білесіңдер.
Манас: Нанды шашуға, жерге тастауға, басуға, рәсуа етуге болмайды. Нан - дәм басы, онсыз өмір жоқ. Сондықтан да дастарханға алдымен нан қойылады. Жерде жатқан нан болса алып, адам баспайтын жерге қою керек.
Мадина: Таңертең нан ауыз тимей үйден шығуға болмайды.”Асығыспын нан ауыз тиейін», «Ең құрыса нан ауыз ти» - деген сөздер бекер айтылмаған.
Аманат: Нанды төңкеріп қоюға болмайды. Нан - қасиетті дәм, онымен ойнауға болмайды. Нанды бір қолымен сындыруға болмайды. Кемтар адам ғана нанды бір қолмен сындырады.

2. НЕГІЗГІ БӨЛІМ
а) фото - сурет «Көктемгі егіс алқабы»
Тәрбиеші: Бұл суретте не көріп тұрсыңдар. Жылдың қандай мезгілі?
Балалар: Көктем мезгілі. Көктемгі егіс алқабы.
«Ақ бидай»әні орындайтын Мадина мен Жетіс

Тәрбиеші:- Балалар нанның қалай жасалатын жолын мына суретке қарап айтайықшы. Көктемде диқаншылар егін саласына сепкен тұқымы жаздай өсіп, масақ бастары дәнге толып күзде
сары алтындай жайқалған алқапқа айналады. Сол кезде егіс даласына комбайндар шығады. Комбайн егін орады, жинайды, бастырады. Бастырылған дән комбайнның жанына жүк машинасы келеді. Арнаулы тетік комбайн өңеші арқылы қауызынан аршылған дән машина қорабына құйылады. Машина астықты тиеп алып, қырманға әкетеді, қырманда астықты тазалап, кептіреді. Содан соң барып элеваторға жөнелтеді. Элеватордан астықты қажет кезінде диірменге жібереді, диірменшілер оны тазартып, ұн жасайды. Ұнды нан пісіру үшін наубайханаларға жібереді. Наубайханадан наубайханашылар нан пісіреді де, оны дүкендерге жібереді екен.

Жанетта: Көктемде егін егетін,
Күзде жинап беретін.
Біздің дала бай дала,
Алтын астық айнала.
Жетіс: Ел егінді жинайды
Қырманға дән сыймайды
Біздің дала бай дала
Алтын астық айнала
Шыңғыс: Астық - дала сәулетті
Астық - Отан дәулетті
Біздің дала бай дала
Алтын астық айнала«Айгөлек»биі - Мадина - Асылай - Медина
Балалар жаттығу жасайды:
- Жау, жау жаңбыр жау жаңбыр,
Егінге сән жауған нұр.
Тоқаш, бөлке көп болар
Тәттіге жұрт тоқ болар.

3. ҚОРЫТЫНДЫ БӨЛІМ. Пысықтау
- Балалар біз есімізге түсірейікші ақ бауырсақ, тәтті тоқаш, батондар біздің дастарханға келу үшін қандай жолдардан өтеді екен?
- Балалар өз әңгімелерімен өз ойларын айтады.
- Сол үшін қаншама адам жұмыс істеп, тер төкті, қане есімізге түсіріп атап кетейікші
Тракторшылар, комбайншылар, шоферлер, қырманшылар, наубайшы, дүкеншілер
- Сондықтан қаншама адам күні - түні еңбек етіп, тер төккен қасиетті нанды біз қадірлеуіміз, қасиеттеуіміз керек.
Рустем: Нан қоқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар.
Теріп алып қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар.
Айша: Нанда өмірдің иісі мен дәмі бар,
Нанда адамның еңбегі мен ары бар.

Нан өмірдің ана сүті арқауы,
Нансыз жерде қай өмірдің сәні бар
Тәрбиеші: Біздің еліміз – Қазақстан Республикасы ең бай, ең құдіретті ел.
Онда сан ұлт өмір сүреді. Соның бірі біздің қазақ халқы. Нан бейбітшілік бақытты өмірдің символы. Нан тіршіліктің, өмірдің алтын қызығы. Нан - береке, нан байлық. Бұл - бидай масақтары біздің мемлекеттік елтаңбамызда да бейнеленген.
«Қара жорға»- барлық балалар билейді.
Содан соң «Менің Қазақстаным» әні - хормен.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама