Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Тұқымның сыртқы және ішкі құрылысы. Тұқымның типтері. Даражарнақты және қосжарнақты гүлді өсімдіктердің тұқымдарының құрылысы.
Сабақ тақырыбы: Тұқымның сыртқы және ішкі құрылысы. Тұқымның типтері. Даражарнақты және қосжарнақты гүлді өсімдіктердің тұқымдарының құрылысы. (№5 з/ж)
Сабақ мақсаты: Оқушыларды тұқымның құрылысымен таныстыру. Қос жарнақты, дара жарнақты тұқымдардың қызметтерін айқындау.
Генеративті мүшелер туралы алған білімдерін дамыту. Оқушыларға пәнге деген көзқарасын, білімге деген құштарлықтарын, адамгершілік қағидаларын бойына сіңіре отырып табиғатты қорғауға тәлім тәрбие беру.
Оқыту нәтижесі: Оқушылар тұқым туралы түсінік қалыптастырады.
Сабақ көрнекілігі: Өсімдіктердің тұқымы, петри табақшасы, сапты ине, құрал - жабдықтар, оқулық, слайд.
Сабақта қолданылатын әдіс - тәсілдер: Қызығушылығын ояту, миға шабуыл, мағынаны тану, кім жылдам, дамыту.

Сабақ барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
- Сәлеметсіздер ме?
- Сыныпта кім кезекші?
- Сыныпта кім жоқ?
- Оқушыларға сәттілік тілеу.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру. «Миға шабуыл».
Оқушылардың дәптерін тексеру, сұрақтар қою. 38 беттегі тапсырмаларды тексеру.

ІІІ. Жаңа сабақты түсіндіру: «Ой қозғау».
Мұғалім: Балалар өсімдіктер қалай көбейеді? Тұқымды өсімдіктер деп қандай өсімдіктерді айтамыз?
Тұқым – жатынның тұқым бүршігінен дамиды.
Қос жарнақты тұқымның құрылысы. Қос жарнақты тұқымның мысалы ретінде үрмебұршақ (фасоль) тұқымын қарастырайық (1 - сурет). Тұқымның қабығы (қауызы), жарнағы және ұрығы болады. Үрмебұршақ тұқымының пішіні бүйрекке ұқсайды. Оның ойыс жағында жеміске бекінген жерін тұқым кіндігі дейді. Тұқым кіндігінен тұқымның ішіне ауа, су кіреді.
1 - сурет. Үрмебұршақ тұқымының құрылысы (ұзынынан қақ жарылған).
Тұқым қабығы (қауызы) қалың, тығыз, сырты тегіс жылтыр, түрлі түсті. Қабығы тұқымды кеуіп кетуден, мезгілсіз өнуден, зақымданудан, шіруден сақтайды.
Қабығын сылып алса (суға жібіген тұқымда тез сылынады), ішінен екі тұқым жарнағы көрінеді. Тұқымда екі тұқым жарнағы бар өсімдіктер қос жарнақтылар деп аталады. Қос жарнақтыларда (күнбағыс, қауын, қарбыз, асқабақ, қияр және т. б.) ұрыққа қорек болатын заттар жарнақта жиналады. Жарнақты ұзынынан екіге жарса, бір ұшында жабысып тұрған ұрығы болады.
Ұрық – алғашқы тамырша, алғашқы сабақша және бүршікшеден тұрады.

Дара жарнақты тұқымның құрылысы. Дара жарнақты тұқымға алдын ала суға жібітілген бидай дәнегін аламыз. Дәнектің сырты тығыз қабықпен (қауыз) қапталған. Бидайдың жемісі бір тұқымды. Піскенде қабығы ажырамай, тұқымға тығыз жанасып бірігіп кетеді. Қанша жібітсе де қабығын ажырату қиын. Бидай тұқымы әрі жеміс, әрі тұқым болып есептелетіндіктен дәнек дейді. Бидай қабығы (қауызы) тез сылынбайтындықтан, өткір ұстарамен ұзынынан тең екіге жарады (2 - сурет). Дәнектің едәуір бөлігін – эндосперм алып жатады. Эндосперм жасушаларында крахмал, нәруыз, май заттары жиналады. Дәнектің төменгі ұшында эндоспермге тығыз жанасып бекінген ұрық бар (құрылысы үрмебұршақтікіндей). Ұрық пен эндоспермнің арасында жұқа бір жарнақ орналасады (бітеу бидайдың сыртынан сәл білеуленіп белдік тәрізді білінеді). Коректік заттар қоры эндоспермде жиналады, жарнағында болмайды. Дара жарнақтылардың тұқым жарнағы, тұқым өнген кезде эндоспермдегі қоректік заттарды ерітетін зат бөледі. Ерітетін зат органикалық заттарды сұйылтады. Сұйылтылған қоректі жасушалары арқылы сорып, бастама тамырша мен бүршікшеге өткізеді. Ұрықтағы май қоры да өнуге жұмсалады.
2 - сурет. Бидай дәнегінің ұзынынан (қақ жарылған) құрылысы.
Дара жарнақты өсімдіктерге лалагүл, жуа, бидай, құртқашаш, банан, қияқөлең, пальма, жүгері, күріш, тары жатады. Тұқымда бір тұқым жарнағы бар өсімдіктер дара жарнақтылар деп аталады.
Тұқымның сыртқы және ішкі құрылысы. Тұқымның типтері. Даражарнақты және қосжарнақты гүлді өсімдіктердің тұқымдарының құрылысы. жүктеу

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама