Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Ұлы бабалар тағылымы
Ұлы бабалар тағылымы
Мақсаты: 1) бейбіт еліміздің құрыш қалқаны Қарулы Күштер туралы түсінік беріп, Отан қорғау ісі ең басты міндеттердің бірі екенін ұғындыру;
2) жеңістің тағылымдары туралы білімдерін дамыту, батырларды үлгі ету;
3) ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін ұштау.
Көрнекілік: плакаттар, сөзжұмбақ, буклет, интерактивті тақта.

Барысы.
I. Ой шақыру.
- Қымбатты балалар, бүгінгі өнеге сағатымыз Отан қорғаушылар күніне және Жеңіс күніне арналады. Сабағымызды әнұранмен бастайық.
(Әнұран орындалады).
1 - жүргізуші:
“Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін” деп Қасым Аманжолов жырлағандай, Қазақстанның алыптығы сондай, оның аумағына Франция, Италия, Грекия, Швеция, Норвегия мен Финляндия бәрі бірдей сыйып кете алады. Осындай байтақ, бай елімізді көзінің қарашығындай сақтап қорғау – әр азаматтың парызы.
1992 жылы 7 - мамырда Елбасымыз “Қазақстан Қарулы Күштерін құру туралы” жарлыққа қол қойды. Ал 1998 жылдан бастап бұл күн еліміздің күнтізбесіне Отан қорғаушылар күні ретінде енді. Биыл Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 20 жыл.
2 - жүргізуші: Біз ежелден тұлпар мініп, ту ұстаған елміз. Қазақ халқының өр, өжет, қайсар халық екендігін сонау өткен заманда, жоңғар халқының алдында Қазыбек би жақсы айтқан еді.
1 - оқушы: (Қазыбек би рөлінде)
- Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Басымыздан сөзді асырмаған елміз. Достығымызды сақтай білген елміз. Дәм – тұзды ақтай білген елміз. Атадан ел туса, құл боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмаймыз. Сен қалмақ та, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы, табысқалы келгенбіз. Танымайтын жат елге табысқалы келгенбіз. Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желімбіз, жабысқалы келгенбіз. Сен темір де, біз көмір, еріткелі келгенбіз. Екі еліктің лағын теліткелі келгенбіз, егесетін ер шықса иілткелі келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!

II. Көрнекілікпен жұмыс. Плакатта жазылған қанатты сөздердің мағынасын ашу, талдау.
1. Отан үшін күрес – ерге тиген үлес.
2. Тәуелсіз Отан – жүрегің,
Рухты халқың – тірегің.
3. Халық қаһары қамал бұзар.
4. Ұлылардың бәрі – ұстаз.
5. Хан – қақпа, халық – қазына, батыр – қорған. (Жанақ ақын).
6. Күшті ұлт болу үшін алдымен ішкі бірлік, ұйымшылдық пен татулық қажет. (Нұрсұлтан Назарбаев).

III. “Жасұлан” сөзі. Сөзжұмбақ шешу. ЖАСҰЛАН
1. Дивизияны басқарған полковник, халық батыры (Бауыржан Момышұлы)
2. Ертедегі бес қарудың бірі (Садақ)
3. Дүние жүзі қазақтарының бас қосуы екінші рет қай қалады өтті? (Түркістан). Ол ең алғаш рет 1992 жылы Алматыда өтті. Ол туралы біз қай шығармадан білеміз?(Тұманбай Молдағалиевтің “Бауырлар” өлеңінен.
4. Отырарды алты ай бойы қорғаған батырдың ерлігін жырға қосқан ақын (Мұхтар Шаханов)
5. Патриоттық әндердің бірі (Әлия) тағы да қандай патриоттық әндерді білесіңдер?
6. Қазақстан Республикасының бас Қолбасшысы кім? (Нұрсұлтан Назарбаев). Ал қорғаныс министірі (Әділбек Жақсыбеков)
7. Қоянды қамыс өлтіреді,
Ер жігітті... өлтіреді. (намыс)

IV. – біз әрқашанда Отанымыз үшін, Тәуелсіздігіміз үшін құрбан болған батырларымыздың рухани басымызды иіп тағзым етеміз. Ал қазір елімізге еңбегі сіңіріп жүрген қоғам қайраткерлерін өзімізге үлгі тұтамыз.

V. Интерактивті тақта арқылы патриоттық әндер бейнебаяны көрсетіледі.
1. “Бірлік түбі – тірлік” (С. Аббас – шах, А. Дүйсенов).
2. “Отырардағы той” (С. Асанов, Ш. Қалдаяқов).
3. “Қара бура” (Б. Шойбеков, А. Дүйсенов).

Ой – толғау.
2 - оқушы: - мен бұл бейнебаяннан Отаныма байланысты көп мәлімет алдым. Отырар қаласы әдебиет пен мәдениеттің ордасы ғана емес, ұлы ғұламалардың да мекені. Осы құтты да киелі мекенімізде әрдайым қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныштық болсын.
3 - оқушы: - “Қара бурада” жырланғандай, біз де батырларымызды құрметтейміз, өзімізге үлгі тұтамыз. Мен де елімнің өсіп өркендеуіне өз үлесімді қосуға әрқашан да дайынмын.
4 - оқушы: - Бірлік бар жерде тірлік бар. Мен ырысы мен ынтымағы жарасқан Тәуелсіз елдің ұрпағымын. Тәуелсіз мемлекетіміздің әрі қарай өркендеуіне біз де өз үлесімізді қосамыз.
5 - оқушы: - Қасиетті еліміз бен жерімізді қорғаған ұлы бабаларымыздың тағылымды жолын жалғастыру – біздің, яғни жас ұрпақтың парызы. Мен де азаматтық борышымды атқару үшін әскерге баруға дайынмын! Бұл – менің Отан алдындағы қасиетті борышым.
“Қарулы күштердің түрлері” және “Әскери оқу орындары” туралы оқушы хабарламасы. Дайындаған – Мұхаммед Еламан.
- Ал енді, балалар, слайдқа назар аударайық. Бұл хабарламадан сендер өздерің үшін қажетті мәліметтер мен қызықты деректер аласыңдар. (Слайдта жазылған тірек сызбалар арқылы тақырыпты түсіндіріп береді).

Қорытынды.
1 - жүргізуші: Конституциямызда “Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді” деп жазылған. Ендеше еліміздің құрыш қалқаны әрқашанда мықты болып, ұлы бабалар ерлігімен жеткен бейбітшілік пен тыныштығымыз баянды болсын.
2 - жүргізуші: “Біз бейбіт мемлекетпіз, дегенмен жастарымыз Отанды, ата – баба жерін қорғауға әрқашан дайын болуы тиіс” деп Жоғары Бас Қолбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқан. Еліміз өркендеп, еңсесі биіктеп, абыройы асқақтай берсін!

Батыс Қазақстан облысы,
Бөкей ордасы ауданы,
М - С. Бабажанов атындағы ЖОББМ,
Математика пәнінің мұғалімі,
Койбағарова К. А.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама