Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Үндістанның кадеттері Тараз университетіндегі әскери кафедраның жұмысымен танысты

Өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум бойынша М.Дулати атындағы ТарМУ-ға Үндістан ұлттық кадеттер (ҮҰК) корпусынан делегация келді. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Үндістандық кадеттер азаматтық мамандықпен қатар әскери сала мамандарын даярлайтын әскери кафедраның жұмысымен танысты. Үндістаннан келген әскери делегация алдымен университет ректоры Махметғали Сарыбековтың қабылдауында болды.

Кездесу барысында сөз алған университет басшы Махметғали Нұрғалиұлы  Үндістан мен Қазақстан арасындағы әріптестік байланыстың тамыры тым тереңде жатқандығын атап өтті.

«Біріншіден, Тараз мемлекеттік университеті Мұхаммед Хайдар  Дулатидың есімін иеленген. Ал, орта ғасырдағы Орталық Азия тарихының шежірешісі Дулати есімі үндістандықтар үшін де таңсық емес. Ол кісі Үндістандағы Кашмир өлкесін 11 жыл басқарған. Ұлы бабамызға топырақ та сол Кашмир жерінен бұйырған. Сондықтан, үнді әскерилерінің делагациясының ТарМУ-ға табан тіреуі бекер емес. Екіншіден, Тараз Ұлы Жібек жолының бойындағы ежелгі қала. Демек, бұл қала ортасырдағы өркениеттер тоғысқан орталыққа айналды деуге болады. Біз бүгін сол тарихи сабақтастықтың әскери сала мамандарын даярлаудағы әріптестікке ұласқандығының куәсі болып отырмыз», -    деді Махметғали Нұрғалиұлы.

 
Одан соң, Таразға ҮҰК-ның 12 кадетін бастап келген полковник Кирпал Синг делегацияны күтіп алуда қонақжайлық көрсеткен университет басшылығына алғысын жеткізді. Өз кезегінде, үндістандық кадеттері де  еліміздегі әскери сала мамандарын даярлау мәселелеріне қатысты сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды. Кездесу барысында үндістандық делегация қазақстандық жоғары оқу орындарымен  азаматтық сала мамандарын даярлау ісінде де байланыс орнатуға ниетті екендіктерін жеткізді.

Өткен жылы қол қойылған әріптестік туралы меморандумға сай еліміздегі әскери кафедраларында Үндістанмен әскери сала мамандарын даярлау ісінде қарым-қатынас жанданып келеді. Аталған меморандум негізінде ТарМУ әскери кафедрасының студенттері де 2 рет ҮҰК корпусында болып келді. Атап айтқанда, өткен жылдың 21 қараша - 4 желтоқсан аралығында әскери кафедра басшысы, полковник Сағат Мұқұшевтің жетекшілік еткен делегация «Сафари шөлдері-2015» әскери оқу-жаттығу жиынына қатысып  қайтты. Ал, биылғы жылдың 14 - 29 қаңтар аралығында ҮҰК корпусына аттанған қазақстандық делегация құрамында екі студент барды.   

Үндістандық әскерилер делегациясы Тараздың көрікті жерлерімен танысып, ежелгі кешен - Ақыртас сарайының орнында болды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама