Темекі нарығындағы ірі ойыншылардың бірі — «Дэвидoff» сигареттері мен «Blu» вейптерін шығаратын Imperial Brands компаниясы жасанды интеллект пен өзге де технологияларды кеңінен қолдануға көшу есебінен шығынды қысқарту мақсатында 4600-ға дейінгі жұмыс орнын қысқартады деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бристоль қаласында орналасқан компания биыл әлем бойынша 2100 қызметкерін қысқартатынын, ал 2030 жылдың соңына дейін тағы 2100-ден 2500-ге дейінгі жұмыс орнын азайтуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Әлемде шамамен 25 мың адамды жұмыспен қамтып отырған Imperial Brands келесі жылы Германиядағы Лангенхаген зауытын жабады, ал Тайваньдегі кәсіпорнын сатты — бұл 700 жұмыс орнының жойылуына әкелді. Компания бірнеше елде жоспарланған қысқартулар бойынша консультациялар жүргізіп жатыр. Қазіргі қысқартулар Ұлыбританиядағы аз ғана жұмыс орнына қатысты.
Бас атқарушы директор Лукас Паравичини бұл қысқартуларды компанияның «трансформациясының» бөлігі деп атады. Мақсат — 2030 жылға қарай жылына кемінде 320 миллион фунт стерлинг үнемдеу.
«Біз жұмысымызды жалғастырып, өзгеріп отырамыз. Біз неғұрлым икемді, деректерге сүйенген, тұтынушыға жақын және тиімді компанияға айналғымыз келеді», — деді ол.
Оның қосымша айтуынша, компания «ұйымды көбірек технологиялармен» — жаңа бағдарламалық жасақтамамен және жасанды интеллектпен — ұштастырып жатыр.
Сигарет көлемі азайып келе жатқандықтан, «John Player Special», «Golden Virginia» және «Rizla» брендтерін де ұстап отырған топ вейптер, қыздырылатын темекі және ауыз қуысына арналған никотин сияқты жаңа өнімдерге қарай бейімделіп, бизнесін қайта жаңғыртып келеді.
Компания Германияда салықтың өсуіне және келесі жылдың маусымынан бастап Ұлыбританияда вейпинг пен никотин өнімдерін жарнамалауға салынатын тыйымға тап болып отыр. Паравичини бұл өзгерістерге алаңдаушылық танытпай, компания басқа елдерде де реттеу тәжірибесінен өткенін, ал «Blu» вейп өнімдерінің сатылымы Ұлыбританияда екі таңбалы қарқынмен өсіп келе жатқанын айтты.
«Біз вейптерді реттеуді қолдаймыз, бұл нарыққа айқындық әкеледі», — деді ол.
Компанияның жалпы түсімі 30 қыркүйекте аяқталған жыл қорытындысы бойынша 1,5 пайызға төмендеп, 31,7 миллиард фунт стерлингті құрады. Салыққа дейінгі пайда 12,1 пайызға азайып, 2,7 миллиард фунт стерлинг болды. Негізгі нарықтарда темекіден түсетін таза түсім 1,7 пайызға өсті: топ бағаны 5,1 пайызға көтеріп, көлемнің 3,4 пайызға төмендеуін өтеді.
Биыл British American Tobacco компаниясы шығынды азайтып, «технологияға неғұрлым сүйенген» компанияға айналу жолында 2026 жылы 47 мың қызметкерінің шамамен бестен бір бөлігін қысқартатынын мәлімдеген болатын.
Әлемдегі ең ірі темекі топтарының бірі саналатын BAT жыл соңына дейін 5500 жұмыс орнын қысқартып, тағы 3500 қызметкерді аутсорсингке беруді жариялады — бұл барлығы 9000 қызметкерге әсер етеді.


