Полиция қызметкерлері балапандары бар аққулар отбасын өткізу үшін қозғалысты тоқтатқан бейнежазба әлеуметтік желіде жылдам тарады. Тәртіп сақшыларының бұл әрекеті жүздеген қолданушыны толғандырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметінше, бейнежазбаның кейіпкері – Қостанай ауданы патрульдік полиция взводының инспекторы, полиция аға лейтенанты Али Ерұлан. Ол әріптесі Айдарбек Альсеитовпен бірге қызмет атқарып жүргенде жолдың қасынан балапандары бар аққуды байқайды. Қозғалыс қарқынды болғандықтан, құстар жолдан қауіпсіз өте алмай тұрған. Полицейлер жолды уақытша жауып, құстар отбасына тыныш өтуге мүмкіндік беруді ұйғарды.

Али Ерұланның айтуынша, бұл оқиға оған Торғай ауылында өткен балалық шағын еске түсіріпті. «Әріптесім Айдарбек Альсеитовпен бірге патрульдеп жүріп, кішкентай балапандары бар аққулар отбасын көрдім, көз алдыма бірден балалық шақтан естеліктер оралды. Есімде, бірде біздің ауылдың маңына жыл құстары – аққулар тобы тоқтаған еді. Біз сонда бала едік: құстарды үркітпей, керісінше, оларға тыныш жол жалғастыруға көмектесуге тырысатынбыз. Бүгінде біз еш ойланбастан қозғалысты тоқтатып, аққуларға балапандарымен бірге жолдан қауіпсіз өтуге мүмкіндік бердік. Біреулер үшін бұл бірнеше минут күту ғана, ал біз үшін – аман қалған өмір және бұл әлемді сәл де болса мейірімді ету мүмкіндігі», — деп бөлісті ол.

Али Ерұлан ішкі істер органдарында жеті жылдан бері қызмет етеді және полицейдің өзі мойындағандай, мұндай ерекше жағдай оның басында бірінші рет болды.

Полиция қызметкерлерінің бұл әрекеті интернетте кең резонанс тудырды. Қолданушылар патрульдіктердің жанашырлығы үшін алғыс білдірді.

Бұған дейін Алматыда үш жігіт суға батып бара жатқан итті құтқарған еді.