Шри-Ланкада дәрігерлер 55 жастағы ер адамның қуығынан салмағы 3,1 келі (6,8 фунт) тасты алып шықты. Бұл — қазіргі уақытта тіркелген ең үлкен қуық тасы болуы мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Операция өткен аптада елдің шығысындағы Тринкомали ауруханасында жасалды. Науқас инсульт алған соң ауруханаға жатқызылған еді. Емдеу кезінде дәрігерлер оның зәр шығаруда қиындықтар көргенін байқап, қуығында тастар бар екенін анықтады.
Хирургиялық операция барысында дәрігерлер қуық тасын алып шықты — оның салмағы толыққанды нәрестенің салмағына тең, ал көлемі түйеқұс жұмыртқасының көлеміндей болды.
Операцияны басқарған доктор Прахалахан Балакришнанның айтуынша, бұл — қолда бар деректер бойынша, құжатталған және хирургиялық жолмен алынған ең үлкен қуық тасы. Ол науқастың денсаулығы қазір "өте жақсы" екенін қосты.
Науқас әлі ауруханада жатыр және басқа да ауруларына байланысты ем алуды жалғастыруда. Доктор Балакришнан тастың науқастың қуығында шамамен 5-10 жыл болғанын айтты.


