Қазақстанда мыңдаған бала жақын арада білім депозиттеріне мемлекеттік қолдау алады. infohub.kz сайтының хабарлауынша, елімізде 15 мың бала жақын күндері AQYL білім депозиттеріне 3,9 млрд теңге алады. Бұл туралы Отбасы банкінде мәлімдеді.
«Келешек» бағдарламасы аясында мемлекет бес жастан бастап балаларға AQYL депозиттеріне бастапқы білім капиталын есептейді. Бағдарлама іске қосылғаннан бері Отбасы банкі арқылы мұндай мемлекеттік қолдауды 35 мың бала алды. Жалпы аударылған сома 8,2 млрд теңгені құрады.
Банкте атап өткендей, жақын күндері 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бес жасқа толған тағы 15 мың бала депозиттеріне 3,9 млрд теңге алады. Екінші жартыжылдықта бес жасқа толатындарға төлемдер 2027 жылдың ақпан айында жасалады. Жалпы 2026 жылдың қорытындысы бойынша 7,5 млрд теңге көлеміндегі білім капиталын 30 мыңға жуық бала алады.
«Келешек» бағдарламасы аясында тамыз айында мемлекет баланың шотына 260 мың теңге есептейді. Бұл қаражатты алу және сақтау үшін ата-аналар AQYL депозитін ашып, бала кәмелетке толғанға дейін үнемі жарна салып тұруы керек. Жылдық ең төменгі жарна 24 АЕК, яғни 2026 жылы 103,8 мың теңгені құрайды. Әлеуметтік осал санаттағы балалар үшін – 12 АЕК, яғни 51,9 мың теңге.
Сонымен қатар депозитке Отбасы банкінен – ЖЭСН 14,75%-дан, ал мемлекеттен – 5% сыйақы есептеледі.
18 жаста білім депозитіндегі жинаққа баланың «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша алған қаражатын қосып, университетке түсуге пайдалануға болады. Ол уақытта шотта бірнеше миллион теңге жиналуы мүмкін.
Бұған дейін Alatau City Bank (бұрынғы Jusan Bank) Aqyl білім жинақ депозиті бойынша мөлшерлемелерді бірден 1,5 п.т. көтергені хабарланған болатын.


