Қазақстанда төрт ай ішінде 27 тәртіптік жаза алған сотталғанға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың мәліметінше, бірінші сатыдағы сот пен апелляциялық саты қазақстандықты ҚР Қылмыстық кодексінің 428-бабының 1-бөлігі бойынша – бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген адамның қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелері әкімшілігінің заңды талаптарына қасақана бағынбауы үшін кінәлі деп таныды. Алайда кассациялық сот үкімді қайта қарап, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтатты.
Соттар анықтағандай, П.-ны қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болған – мекеме әкімшілігі төрт ай ішінде салған 27 тәртіптік жаза. Оның 26-сы сотталғанның тәртіптік оқшаулағышта және жалғыз камерада ұстау кезінде жіберілген бұзушылықтарға байланысты болған.
Кассациялық сот азаматтың орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған мекеме әкімшілігінің талаптары заңды болмаған деген қорытындыға келді. Бұл тергеу соттарының қаулыларымен, уәкілетті органдардың тексеру нәтижелерімен және істің өзге де материалдарымен расталған.
Сонымен қатар, жазалар сотталған адам сәлемдеменің бір бөлігін заңсыз алып қоюға шағымдана бастағаннан кейін қолданыла бастағаны, ал оған дейін оның мінез-құлқының екінші оң дәрежесі мен көтермелеулері болғаны анықталды.
Бұл жағдайда әкімшілік талаптары заңды болмағандықтан, ал сотталғанның әрекеттері өз құқықтарын қорғауға бағытталғандықтан және мекеменің қалыпты жұмысын бұзбағандықтан, қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ. Осыған байланысты сот актілері жойылып, қылмыстық іс тоқтатылды.


