30 шілдеде Қазақстанда күшті ыстық, найзағайлы жаңбыр және желдің күшеюі күтіледі. Бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталуда, синоптиктер елдің басым бөлігінде дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазгидромет дерегінше, Астанада күндіз температура 35 градусқа дейін көтеріледі. Ақтөбе облысының батысында, солтүстігінде және орталығында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, кейін солтүстік-батысқа ауысады, күндіз екпіні 15-20 м/с жетеді. Ауа температурасы 35-38 градус болады. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және орталығында жоғары өрт қаупі, батысында, шығысында және солтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Абай облысының батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Күндіз солтүстік-батыс желінің екпіні 23 м/с жетуі мүмкін. Облыстың оңтүстігінде ыстық 35 градусқа дейін, ал 1-2 тамызда оңтүстікте 41 градусқа дейін күшті ыстық болжанады. Қарағанды және Ұлытау облыстарында 31 шілде мен 1 тамызда оңтүстікте 41 градусқа дейін ыстық күтіледі.
Қостанай облысында 31 шілдеде оңтүстікте күндіз ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі. Атырау облысында 30 шілдеде түнде батыста, солтүстікте және оңтүстікте аздаған жаңбыр мен найзағай күтіледі. Жел солтүстік-батыстан, екпіні 15-18 м/с. Күндіз ыстық 35 градусқа дейін, облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады. Атырауда түнде де аздаған жаңбыр мен найзағай мүмкін.
Батыс Қазақстан облысында 30 шілдеде батыста, солтүстікте және шығыста қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай, күндіз бұршақ пен дауыл мүмкін. Батыс және оңтүстік-батыс желінің екпіні 15-20 м/с. Облыстың батысы мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Оралда түнде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Ақмола облысында күндіз солтүстікте жаңбыр мен найзағай өтеді, түнде және таңертең тұман болуы мүмкін. Күндіз температура 35-38 градус, Көкшетауда 35 градусқа дейін. Облыстың батысында төтенше өрт қаупі бар.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде жаңбыр, найзағай, кейде қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Түнде және таңертең тұман. Күндіз солтүстік-батыс желінің екпіні 23 м/с жетеді. Облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі бар. Өскеменде күндіз жаңбыр мен найзағай болады.


