Қазақстандық таеквондистер Самирхон Абабакиров пен Бейбарыс Қаблан Азия ойындары-2026-дағы өнерлерін ширек финалда аяқтады. Тогжан Қазнабек пен Назым Махмутова болса 1/8 финалда жеңіліп, жарыстан шығып қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Абабакиров турнирді вьетнамдық Ле Туанды 2:0 есебімен жеңумен бастады. Алайда ширек финалда қазақстандық спортшы кореялық Мун Джинхоға жол беріп, жүлде мүмкіндігінен айырылды.
80 келіден жоғары салмақта Қаблан 1/8 финалда ауғандық Али Акбар Амириден басым түсті — 2:0. Ширек финалда қазақстандық Иордания спортшысы Мохаммад Аль-Адарбимен кездесіп, үш раундта 1:2 есебімен жеңілді де, жартылай финалға бір қадам жетпей тоқтады.
Әйелдер арасындағы 57 келіге дейінгі салмақта Қазнабек бірінші жекпе-жегінде ирандық Нахид Кияничандехке 0:2 есебімен жол берді. 67 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Махмутова 1/8 финалда вьетнамдық Бак Тхи Кхиеммен кездесіп, 0:2 есебімен жеңілді.
Осылайша, 3 қазанда даянгқа шыққан төрт қазақстандық таеквондистің барлығы да жүлдесіз аяқтады.
Бір күн бұрын Тамирлан Тілеулес Азиада-2026-ның 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Батырхан Төлеуғали 80 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді. Рита Бакишева виртуалды таеквондодан Ойындардың қола жүлдегері атанды.
Жапониядағы XX Жазғы Азия ойындары 19 қыркүйекте ресми түрде ашылды. 45 елдің спортшылары қатысатын жарыста 460 комплект медаль сарапқа салынуда. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының сапында 35 спорт түрінен 558 спортшы өнер көрсетуде.


