Абай облысында қытай капиталының қатысуымен екі ірі өнеркәсіп нысаны бой көтереді: облыс әкімі Inner Mongolia Wanjiang Investment және Xinjiang Sanbao Industrial Group компанияларымен электролиттік алюминий зауыты мен жоңқалы плита (ДСП) өндіретін зауыт салу туралы келісімге қол қойды. Екі жобаға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 1,5 млрд долларға бағаланып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құжаттар «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында қол қойылды. Екі жобаның ішіндегі ең ауқымлысы – жылына 300 мың тонна электролиттік алюминий шығаратын зауыт құрылысы. Кәсіпорынды энергиямен қамтамасыз ету үшін қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу көзделген.
1,5 млрд долларлық жалпы инвестицияның 1 млрд доллары алюминий зауытына жұмсалады. Жоба электролиз цехын, анодтарды жинау және ұсақтау цехтарын, сондай-ақ қосалқы инфрақұрылымды салуды қамтиды. Кәсіпорында 630 кА электролизерлер мен электролиттің энергия үнемдейтін технологиясы қолданылады.
Зауыт құрылысын 2027 жылдың наурызында бастау, 2028 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Жоба металды одан әрі өңдеуге негіз қалайды, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын, салық түсімдерін және сабақтас салалардың қызметтері мен өнімдеріне сұранысты қамтамасыз етеді.
Екінші жоба – жылына 2 млн парақ жоңқалы плита (ДСП) өндіретін зауыт. Бұл өндіріске салынатын инвестиция көлемі 172 млн долларға бағаланып, қаржыландыру инвесторлардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Кәсіпорын жылына 300 мың текше метрге дейін ағашты өңдейді. Бұл – өртенген және сапасыз ағашты, жел құлатқан ағаштарды және орман өртінен зардап шеккен аумақтардағы басқа да ағаш қалдықтарын өңдеу. Жоба үшін сау ағаштар кесілмейді.
Зауыт өнімі Қазақстан нарығына және Орталық Азия елдеріне экспортқа бағытталған. Жобаны іске асыру мерзімі – 2027–2028 жылдар. Кәсіпорын іске қосылған соң 120 тұрақты жұмыс орны ашылады, құрылыс кезеңінде 80 уақытша жұмыс орны құрылады.
Inner Mongolia Wanjiang Investment Group көмір өндіру және тасымалдау, энергетика, жабдық өндіру және құрылыс салаларында жұмыс істейді. Компанияның жылдық түсімі 5 млрд юаньнан асады, топ құрамына 30-дан астам еншілес және бақыланатын компания кіреді.
Xinjiang Sanbao Industrial Group Орталық Азияда 30 жылдан астам жұмыс істеп, Қазақстанда тұрақты өкілдігі бар. Топ компанияларының жиынтық сыртқы сауда айналымы 12 млрд доллардан асады. Өңірде ол жобалау, сатып алу, құрылыс және трансшекаралық жеткізуді ұйымдастыруды қамтитын EPC моделі бойынша 50-ден астам ірі жобаны іске асырды.
Бұған дейін ERG 2029 жылға дейін шамамен 1 млрд долларға толық циклді алюминий зауытын салатыны хабарланған болатын.


