Абай облысында мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот Мәскеу облысының Төрелік сотының шешімін танып, орындауға жіберді. Шешім бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен 47 мың еуро, теңгеге шаққанда 25 млн теңге өндірілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Абай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта Мәскеу облысының Төрелік соты шешімін Қазақстан Республикасының аумағында тану және орындауға жіберу туралы өтініш қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, жауапкершілігі шектеулі серіктестік сотқа шетелдік төрелік соттың жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен 47 мың еуро, сондай-ақ мемлекеттік баж салығын өтеу шығындарын өндіру туралы шешімін мәжбүрлеп орындау жөнінде өтініш берген.

Мәскеу облысының Төрелік сотының шешімі заңды күшіне енген, алайда борышкер оны ерікті түрде орындамаған.

Өндіріп алушының өкілі өтінішті қанағаттандыруды сұрап, борышкердің Төрелік сотта істі қарау туралы тиісті түрде хабардар етілгенін, ал шығарылған шешімнің заңды күшіне енгенін көрсетті.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өкілі өз ұстанымын негіздеу үшін істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті хабарламаны, сондай-ақ шешім көшірмесіндегі анық емес бедертаңбаны және шешімнің заңды күшіне енуі туралы жеке анықтаманың жоқтығын көрсетті.

Сот шешім шығару барысында өндіріп алушының қажетті құжаттарды ұсынғанын ескерді: тиісті түрде куәландырылған шешім көшірмесі, заңды күшіне енуі туралы құжат, екінші тараптың процестен хабардар етілгенін дәлелдейтін құжаттар және орындау құжаты.

Өтінішті қарау кезінде сот Азаматтық процестік кодекстің 501–503-баптарының ережелерін басшылыққа алды. Бұл баптар шетелдік соттардың, шетелдік төреліктердің шешімдерін тану, орындауға жіберу және мәжбүрлеп орындауды реттейді.

Қазақстан Республикасының аумағында сот актісі ұлттық валютамен орындалатындықтан, шетелдік төрелік өндіріп алған сомалар өтініш қаралған күнгі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағамы бойынша теңгеге қайта есептелді. Осылайша, берешек сомасы 25 млн теңгені құрады.

Сот түсіндіргендей, өндіріп алушы Қазақстан Республикасының сотына жүгінген кезде атқару парағын жазу үшін төлеген мемлекеттік баж шетелдік төрелік шешімін тану және орындау рәсімін бастауға байланысты шығыс болып табылады және шетелдік төреліктің өзі өндіріп берген сомалардың құрамына кірмейді. Осыған байланысты сот бұл соманы жауапкерден өндіруден бас тартты.

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот Қазақстан Республикасының аумағында Мәскеу облысының Төрелік сотының жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен 25 млн теңге, сондай-ақ 890 мың теңге мөлшерінде мемлекеттік баж салығын өтеу шығындарын өндіру туралы шешімін танып, орындауға жіберді.

Абай облысының соты бірінші сатыдағы соттың ұйғарымын өзгеріссіз, жеке шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.

Апелляциялық саты 1992 жылғы 20 наурызда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер үшін жасалған Шаруашылық қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды шешу тәртібі туралы келісімге сәйкес, заңды күшіне енген құзыретті соттардың шешімдері өзара танылып, орындалатынын түсіндірді.

Апелляциялық саты шетелдік төрелік шешімдерді тану және орындауға жіберу туралы өтініштерді қарау кезінде сот дауды мәні бойынша қарамайтынын және талаптардың негізділігін анықтамайтынын атап өтті. Соттың міндеті – тиісті шешімді тану және орындауға жіберу үшін заңда көзделген негіздердің бар-жоғын тексеру.