Абай облысында полицейлер аяғы қатты жарақат алған бес жасар баланы ауруханаға жедел жеткізді. Олардың әрекетінің арқасында бала аман қалды, деп хабарлайды infohub.kz.
Polisia.kz-тің мәліметінше, оқиға Жаңасемей ауданының Гранитный ауылында болған. Бала аулада ойнап жүріп, кіреберіс есікке өрмелемек болғанда, әйнек сынып, оның сынығы баланың аяғын терең кесіп тастаған. Қан күшті ағып, тоқтамағандықтан, баланың анасы қорқып, Семей – Өскемен тас жолында патрульдік көлікті тоқтатып, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған.
Полицейлер Еламан Масалимов пен Медет Смағұлов жағдайдың маңыздылығын бағалап, анасы мен баланы дереу патрульдік көлікке отырғызып, ауруханаға бет алған. Облыстық аурухананың қабылдау бөліміне дейінгі жол небәрі 12 минутқа созылған. Жеткен соң полицейлер баланы қолдарына алып, дәрігерлерге тапсырған, олар дереу шұғыл ота жасаған.
Баланың анасы полицейлерге зор алғысын білдірді: «Баламның аяғынан қан тоқтамады, мен қатты қорықтым. Не істерімді білмедім, жолда полицейлерді көріп, олардан көмек сұрадым. Олар бірден көмектесіп, баланы көлікке отырғызды. Небәрі 12 минутта бізді ауруханаға жеткізді. Сол сәтте бұл мен үшін зор көмек болды. Полицейлерге шын жүректен алғыс айтамын».
Полиция мұндай жағдайларда әр минут маңызды екенін атап өтті. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында бала уақытылы қажетті медициналық көмек алды.


